Жаңа Конституция жобасы жарияланды

  • 406
  • 12.02.2026, 21:30

Елдің басты құжаты 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Ата Заңның 77 бабына түзетулер енгізіліп, негізгі мәтіннің 84% жаңартылған. Республикалық референдум 15 наурызда өтеді. Құжатқа қандай өзгерістер енгізілді?

Конституцияның жаңа жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы негізінде туындады. Президент бұл идеяны былтыр 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында жариялаған еді. Жаңа Ата Заң жобасына қатысты тиісті комиссияға азаматтардан 10 мыңнан астам пікір мен ұсыныс түскен. Тұрғындар өз ойларын eGov және e-Otinish порталдары арқылы жеткізді.

Айгүл Сәдуақасова, Философия, дінтану және саясаттану институтының директоры, конституциялық комиссия мүшесі:

- Бұл жаңа дәуірге қадам басу, тек қана технология ғана емес, сонымен қатар құндылық, біздің ұлттық құндылықтар енгізілген, нақтылап айтылған және де қалыптасқан ел, қалыптасқан мемлекет ретінде осы жаңа цифрлық дәуірде адам құқықтары, жеке адамның  өмірі, оның қауіпсіздігі, мемлекет тарапынан берілетін кепілдіктері туралы да нақты енгізілген.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, Ата Заң 84% өзгеріп отыр. Ал мазмұнының басым бөлігі адам мен азамат құқығына бағытталған. Преамбулада бірлік, этносаралық келісім мемлекеттің негізі ретінде бекітілген. Ал мызғымас құндылықтарға Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы жатады. Сондай-ақ алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бар. Дін мен мемлекеттің рөлі айқын көрсетілген. Сонымен қатар неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екені туралы норма енгізілген.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:

-95 жылғы Конституция орыс тілінде жазылса, қазір қазақ тілінде жазылады мысалы. Одан кейін қазір 130 адам жазып жатса, 95 жылы он екі адам жазған. Ол 12 адамның 3-еуі шетелдік, 9 өз азаматтарымыз. Оның үстіне қазір 130 адамның ішінде әр саланың дәрігерлер, ректорлар, ақындар, юристер бәрі бар мысалы. Одан кейін басты мәселе адам факторы алдыңғы рөлге шықты.  

Жаңа Ата Заңда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент Құрылтай құру, Вице-Президент институты мен жаңа ұлттық диалог алаңы Қазақстан Халық Кеңесінің пайда болатыны да жазылған. Жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты республикалық референдум 15 наурызда өтеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы