Астанада жалпыұлттық коалицияның қалалық штабы ашылды

  • 352
  • 16.02.2026, 21:31

Астанада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының қалалық штабы ашылды. Оның құрамына кіретін мамандар бүгін ресми жиынын өткізіп алдағы жұмысын пысықтады. Штаб өз қызметі аясында 1000-ға жуық іс-шара өткізбек. 

Астанадағы халық саны қазір 1,5 млн-нан асады. Оларға жаңа Конституция жобасын түсіндіру, дұрыс ақпарат жеткізу үлкен міндет. Демек жалпыұлттық коалициясының қалалық штаб өкілдерін алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Оның құрамында педагогтар, заңгерлер, дәрігерлер, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері бар.

Кәрімбек Құрманәлиев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

- Референдумға шығып отырған Конституцияның көтерер жүгі зор. Өйткені бұл ел дамуын айқындайтын, әрбір адамға әсер ететін үлкен жауапкершілігі зор мүмкіндік болып тұр. Жаңа Конституцияда арнайы бап беріліп, ғылым, білім, инновация еліміздің даму стратегиясының басты бағыты деп көрсетілді. Бұған дейін жоқ еді.   

Жиын барысында жалпыұлттық коалицияның мақсат-міндеттері таныстырылып, алдағы жоспарлар айтылды. Мәселен, штаб қызметі аясында аудандық, орталық және қалалық деңгейдегі бір мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылады. Өндіріс, білім, медицина тағы басқа еңбек ұжымдарымен кездесулер өтеді. Жалпы 700 мың адамды қамту көзделуде.

Майра Ілиясова, Қазақстанның Халық әртісі:

- Біздің мойнымызға атқаратын жұмысымыз сол жастарға көбірек үйрету, түсіндіру, таныстыру өйткені жастар біздің болашағымыз. Барлық осы Үкіметіміздің көп өсуі, өнуі, нығайуы Қазақстан деп жатырмыз, соның барлығы жастарға байланысты.  Осы бүгінгі жиналысқа келіп қатысып, осындай тамаша өзіміздің штабымызды көріп, сөзін естігеніме өте қуаныштымын.

Ресми шарадан соң жиналғандар штабтың жұмыс орны және медиа орталықтың қызметімен танысты. Айта кетейік, жалпыұлттық коалиция құрамында 5 жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық-саяси ұйым өкілдері бар.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов