Астанада энергетика, цифрлық инфрақұрылым жобалары қарқын алды

  • 386
  • 16.02.2026, 21:32

Астанада жеке инвестицияларды тарту есебінен қуаты сағатына 500 мегаватт болатын бу-газ қондырғысы салынады. Ол қаланы электрмен қамтуға, тапшылықты жоюға мүмкіндік береді. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов елордадағы үшінші жылу электр орталығына барып, Президент тапсырмасы аясында энергетикалық инфрақұрылымды тексерді.

Олжас Бектенов Астананың үшінші жылу электр орталығына арнайы аялдады. Биыл жобаның 1-ші кезеңін толық аяқтап, 2-ші кезегін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазір жылу электр орталығы қаладағы энергия тапшылығын толығымен жабады. Оған қоса артып келе жатқан қажеттіліктерді ескеріп, артық қор жасайды. Ал жаңғыртудың нәтижесінде электр энергиясын өндіруге де мүмкін болады.

Еркеғали Есенжолов, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-3 директоры:

-Екінші кезекті іске қосқанда, жылуды ғана емес, электр қуатын да өндіретін боламыз. Бұл қаланың жылу қуатын арттырып, 850 гикокалорий мен қосымша 500 мегаватт электр энергиясын береді.

Қазір қалада үш жылу орталығы мен 2 газ жылу стансасы жұмыс істейді. Келер жылы тағы бір нысан пайдалануға берілмек. Үкімет басшысы салалық министрліктер мен әкімдікке тиісті жобаларды аяқтауды жеделдетіп, елдегі жылыту маусымының тұрақты өтуін бақылауда ұстауды тапсырды. Әрі жылу орталығында еңбек ететін ұжымымен де тілдесті. «Ол 15 наурызда өтетін референдумға азаматтардың белсенді қатысуы маңызды»,- деді. Ал мекеме қызметкерлері жаңа Конституция жобасын қолдайтынын жеткізді.

Мария Цыбина, «Астана-энергия» АҚ ЖЭО-3 жылу автоматикасы және өлшеу цехының іс жүргізушісі:

- Жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің дамуына бағыт беретін басты құжат. Әрине, мен ойлап тұрмын Конституциялық өзгерістер мемлекет пен халық арасындағы байланысты күшейтіп, ел болашағын сенімді етуге жол ашады.

Олжас Бектенов елорданың өнеркәсіп және цифрлық жобаларының іске асырылу барысын да назардан тыс қалдырмады. Ол өрт сөндіру және арнайы техника мен аспалы жабдықтар өндіретін зауытының қызметімен танысты. Былтыр іске қосылған нысан бүгінде жылына 400 бірлік техника шығаруға қауқарлы. Өнімдер Төтенше жағдайлар министрлігінің, коммуналдық қызметтердің және өзге де құрылымдардың қажеттіліктері үшін жеткізіледі.

Баубек Қазыбаев, зауыттың коммерциялық бөлімінің директоры:

- Бүгінгі күні зауытта 50-ден астам қызметкер жұмыс жасауда. Зауыттың даму жоспарына сәйкес, 2026-2028 жылдары 200 адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. 

Премьер-министр сондай-ақ Astana Smart City жобасын іске асыру аясында құрылған деректерді өңдеу орталығына да барды. Бұл Қазақстандағы қалалық инфрақұрылым қажеттіліктеріне арнайы салынған алғашқы дата-орталық. Ол Astana Smart City жобасын дамытуға септігін тигізбек.

 Дана Әлиева, Азамат Саметов