Екі елдің іскерлік кеңесінің бірінші отырысы өтіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, IT, құрылыс салалары бойынша ынтымақтастықты орнату жөнінде келіссөз жүргізілді. Ал қорытындысында бірқатар келісімге қол қойылды.
Қазақстан – Сербия іскерлік кеңесінің алғашқы отырысына 100-ге тарта компания өкілі қатысты. Тек біздің елден 70-тен аса ұйым аталған елмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытқан. Жиынды ашқан сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Сербия Президентінің елімізге сапары қос мемлекет арасындағы әріптестікті одан әрі дамытуға сеп болатынын жеткізді.
Мұрат Қарымсақов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
- Сербия компаниялары тек қана Қазақстанға емес, олар Орталық Азияға, Еуразиялық Одағына және Қытай нарығына жұмыс істеп, үлкен перспективалары бар. Ал біздің қазақстандық компанияларға Сербия үлкен Европаға жолдарды ашады. Сол себеппен, мен ойлаймын, инфрақұрылым, логистика, транспорт, IT жағында әсіресе, үлкен-үлкен мүмкіндіктер бар деп айтуға болады.
Қазақстан мен Балқан түбегіндегі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына биыл 30 жыл толады. Ал соңғы кездері іскерлік ынтымақтастық артқан. Біз Сербияға мұнай, ауыл шаруашылық өнімдері мен минералды тыңайтқыштарды экспорттасақ, ол жақтан қағаз, картон, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары импортталады. Қазір энергетика, туризм, IT бағытында бірлесе жұмыс жүруде. Өткен жылы өзара тауар айналымы 96,8 млн доллардан асқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,9% көп. Экспорт 28,3 млн доллардан асса, импорт 80 млн долларға жуықтаған.
Михайло Весович, Сербияның сауда-өнеркәсіп палатасының халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі вице-президенті:
-Екі ел арасында саяси деңгейде ешқандай кедергінің, мәселенің жоқтығы мен үшін өте қуаныш. Бұл экономикалық ынтымақтастықтың артуына себеп болады. Сербиялық кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастық орнататуға ынталы. Сондықтан осындай басқосу серпін береді деп ойлаймын.
Отырыс барысында құны 120 млрд доллар болатын 1600-ден астам жоба таныстырылды. Ал форум аясында бірнеше келісімге қол қойылды. Әр жоба жіті қаралып, талқыланады. Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин