Қазақ-серб ынтымақтастығы артады

  • 8
  • 27.02.2026, 21:41

Қазақстан мен Сербия елдері арасындағы ынтымақтастық беки түседі. Бұл туралы Сербия Президенті Александр Вучич пен Премьер-министр Олжас Бектеновтің кездесуінде айтылды.

Келіссөздер аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі сөз болды. Көлік-логистика, цифрлық технологиялар және ЖИ, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалардағы алыс-берісті арттыру жайы да назардан тыс қалмады. 

Сербия Президенті Қазақстанға ресми сапары аясында қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласындағы қазақ-серб бірлескен жобаларының көрмесіне, «Астана» халықаралық қаржы орталығына және Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Александр Вучич Alem.AI орталығында еліміздің жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған жүйелі тәсілдерімен танысты. 

Алексей Владимиров, Best Vision компаниясының негізін қалаушы:

- Біздің ақылды жүйеміз кәсіпорындарда өндірістік жарақаттар мен оқыс оқиғалардың санын азайтуға бағытталған. Тағы қадағалаушылардың жұмысын жеңілдетеді. Яғни жұмысшылар қандай да бір қондырғымен қалай жұмыс істеді, қандай ақауын ретке келтіргенін артынан жүрмей-ақ көре алады. Барлығын қашықтан еш кедергісіз бақылауға болады. Қазір біздің жүйемізбен қазақстандық 15 компания сәтті жұмыс істеп жатыр. Сербия тарапынан да қызығушылық туындап отыр.

Данияр Ерматов, IT-маман:

- Біздің балалар өте қарқынды дамып жатыр. Бағдарламалау, инженерия және жасанды интеллект сферасында бүкілін зерттеп, көп елдерден озып жатыр. Соған басқа мемлектетер қарап, қызығушылық танытып, гранттар беріп, түрлі университеттерге шақырып жатыр. Мысалы, Америкада біздің көп балалар оқиды. Гарвард, Стэнфорд сияқты үлкен университеттерге түседі.

Alem.AI халықаралық орталығы – Қазақстандағы жасанды интеллект экожүйесінің негізгі алаңдарының бірі. Бұл елде стартаптарды қолдау және мемлекеттік қызметтерге AI технологияларын енгізу бағытында қолға алынған стратегиялық жоба. Мұнда деректерді өңдеу, цифрлық шешімдер әзірлеу және болашақ IT-мамандарды даярлау қатар жүреді. Келешекте мұнда 1000 IT-маманды тегін оқыту көзделіп отыр. Тағы 100-ге жуық стартап қолға алынып, 5 мыңға жуық азамат жасанды интеллектінің алғашқы қадамдарын үйренетін болады.