Әлем назары Таяу Шығыста. Біріккен Араб Әмірліктері Тегерандағы елшілігін жапты. Ресми Абу-Даби Иран тарапынан жасалған әуе шабуылдарынан соң осындай қадамға барды. Қақтығыс басталғалы Әмірліктер аумағына жүздеген зымыран атылған. Әуе қорғаныс жүйесі басым бөлігін атып түсіргенімен, зымыран бөлшектері тұрғын үй ауласы мен инфрақұрылым нысандарына құлаған. 3 адам қаза тауып, 58 тұрғын жараланған.
Күніне мыңдап, миллиондап мейман келетін, әдетте абыр-сабыр болып жататын қалада қазір бейсауат жүрген адам жоқ. Бір тәуірі елдің қарулы күштері төнген қауіпке дер кезінде тосқауыл қойып жатыр. Әуе қорғаныс жүйесі мүлтіксіз жұмыс істеп тұр.
Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жауапты мекемелер жедел әрекетке көшті. Билік жағдайдың толық бақылауда екенін айтады. Сол себепті тұрғындар мен қонақтарды сабыр сақтап, сақ жүруге шақырып отыр. Жалпы жергілікті қорғаныс жүйесі Иран шабуылы басталғалы жүздеген баллистикалық зымыран мен дронға тойтарыс берді. Бірақ қалдықтар Абу Даби мен Дубайдың тұрғын аудандарына құлады.Өткен тәулікте ұялы телефонға бірнеше рет жедел хабарлама келді. Төтенше жағдайлар министрлігі көпшілікке қауіпсіз жерде болу керегін ескертіп, ел әскерінің сын-қатерге тойтарыс бере алатынын жеткізді. Дегенмен Иран зымырандары бірқатар порт, айлақтарға түсіп, инфрақұрылым нысандарына елеулі нұқсан келтіріп үлгерді.
«Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе қорғанысы күштері ел аумағына бағытталған көптеген баллистикалық зымыран мен дрондарды сәтті түрде анықтап, жойғанын хабарлайды. Бұл әуе қорғанысы жүйелерінің түрлі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етудегі жоғары дайындық деңгейі мен тиімділігін айқын көрсетеді».
Аймақ сарапшылары қақтығысты «Таяу Шығыстағы ең қауіпті эскалация» деп бағалады. Оның барысында әуелі АҚШ Израильмен бірлесіп Тегеранға соққы жасаса, кейін Иран Таяу Шығыстағы америкалық әуе базаларын нысанаға алды.
Шабуылдардың ауқымы кеңейе түсуде. Қазір халықаралық әуе қатынасы ғана емес, мұнай тасымалы да тежелді. 28 ақпанда басталған шабуылдар тұтас Таяу Шығыста 200-ден астам адамның өмірін қиды. Қаза болғандардың басым бөлігі - Иран азаматтары. Әуе шабуылдарының қашан тоқтайтыны белгісіз. Бұған дейін ресми Абу-Даби Тегеранға қатаң жауап беруге құқылы екенін мәлімдеген еді. Алайда әзірге бұл қадамға барған жоқ. Тек Ирандағы елшілігін жауып, дипломатиялық миссия өкілдерін қайтару жөнінде шешім қабылдады.
Рауан Мыңбай