Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде қазақстандықтар зардап шеккен жоқ. Дипломаттар жергілікті билік органдарымен және ел азаматтарымен тұрақты байланыcта. Отандастарымыздың басым бөлігі танымал туристік бағыттарда, қажылық сапарда және транзиттік хабтар шоғырланған аймақтарда жүр. Әскери іс-қимылдар басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі әлі де жабық.
Отандастарымызды Таяу Шығыстан елге жеткізуге көрші мемлекеттер қолдау көрсетіп жатыр. Шет елдерде қалғандардың біразы елге оралды. Ертең Сауд Арабиясының Джедда қаласынан 343 қазақстандық елге қайтады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты. Қатардан шыққан жерлестеріміз алдымен автобус арқылы Эр-Рияд қаласына, одан әрі Джеддаға жеткізілмек. Ал Джедда қаласынының әуежайынан отандық әуе компаниялармен елге ұшады.
Әлібек Бақаевтың айтуынша, ең алдымен бортқа әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар, 60 жастан асқан және шұғыл медициналық көмекті қажет ететін азаматтар отырады. Ал Иран аумағындағы отандастарымызды құрлық жолымен көрші Армения, Әзербайжан және Түрікменстан арқылы шығару жөніндегі уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Сыртқы істер министрі әріптестерімен телефон арқылы келіссөз жүргізді. Кеше Иранның солтүстігіндегі Горган қаласынан 17 отандасымызды Түрікменстан аумағы арқылы шығара алдық. Шекарадағы ең жақын түйісу нүктесі Түрікменстанмен болды. Сондықтан Түрікменстан билігі рұқсат беріп, азаматтарымыз дін аман шекараны кесіп өтті.