Таяу Шығыс елдерінен 946 қазақстандық елге оралды

  • 9
  • 04.03.2026, 21:32

Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін шиеленіс аймақтарынан 946 адам аман-есен оралды. Бүгін-ертең Алматы бағыты бойынша 500-ден астам отандасымызды шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ Джедда- Атырау, Джедда-Ақтау бағытындағы рейстер арқылы 326 азаматты елге қайтару көзделуде. 

Қазақстандық дипломаттар өңір елдерінде тәулік бойы жұмыс істеуде. Әуе көлігінен өзге, жерүсті жолдары арқылы да шығару жұмысы жүріп жатыр. Бүгінге дейін Иран-Түрікменстан, Иран-Армения шекаралары арқылы 50 адамды алып шыққан. Еліміздің сыртқы істер министрлігі өңірдегі жағдай тұрақталғанша Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға кеңес береді. Ал ол жақта қалған азаматтарға көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылған.

Ерлан Жетібаев, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулер бар адамдарға басымдық беріледі. Бүгінгі таңда Иранда 47 Қазақстан азаматы, Израилде – 163, Қатарда – 3 мыңнан астам, БАӘ – 4 мыңнан астам, Сауд Арабиясы Короьдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматтары бар. Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты түрде байланыс бар.