Қазақстан Президенті Таяу Шығыстағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеуді қолдайды. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесуінде айтты. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, серіктестікті одан әрі нығайтуға қатысты міндеттерге тоқталды. Әлемдегі геосаяси ахуалды талқылау барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан дау-жанжалды халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті.
Кездесуде Сенат төрағасы Конституциялық реформаның іске асырылу барысы туралы да айтты. «Жаңа Ата Заң жобасында құқықтық мемлекет қағидаттары, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету принциптері бекітілген», - деді. Сонымен қатар тараптар алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын жан-жақты талқылады. Өз кезегінде Саранго Раднарагча Қазақстанға орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, адам капиталын дамыту, инклюзияны қамтамасыз ету және БҰҰ-мен серіктестікті нығайту бағытындағы бастамалары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ көпжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге және бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір маңызды өзгерістер, трансформация жүріп жатыр. 15-ші наурызда жаңа Конституцияның жобасы ұсынылатын референдум өтеді. Ондағы маңызды бағыттардың бірі – екі палатаны біріктіру және біріккен Парламентті құру. Мен Парламент институтын нығатуда бұл ең қажетті қадам болатытына сенімдімін. Әрі қарай Құрылтай сіздермен, БҰҰ институттарымен ынтымақтасатын болады.
Саранго Раднарагча, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі:
- Біз соңғы кезде Қазақстанда болып жатқан саяси өзгерістерді, соның ішінде Конституциялық реформаны бақылап отырмыз. 15 наурызда референдум болатынын білеміз. БҰҰ тарапынан егер қажет болса, заңдық мәселелер бойынша консультативтік қолдау көрсетуге дайынбыз.