Елімізге тауық жұмыртқасын Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінен импорттауға тыйым салынады. Бүгін Үкіметте азық-түлік және экономикалық қауіпсіздік мәселелері қаралып, осындай шешім қабылданды. Шектеу мерзімі алты ай деп белгіленген. Қазір Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа бағытында. Олар былтыр 4,5 миллиард жұмыртқа өндіріпті. Мамандардың бағалауынша, бұл ішкі нарықтың сұраныс 98% дейін жабуға жетеді. Жиында қабылданған тағы бір шешім, картоп экспортына енгізілген уақытша шектеу алынып тасталды. Себебі өнім қоры ішкі нарықтың сұранысын өтеуге жеткілікті. Әрі бағасы да тұрақты.