Сенат төрағасы СҚО-да референдумның маңызын түсіндірді

  • 15
  • 10.03.2026, 21:33

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев барды. Ол Петропавлда мәслихат депутаттары, жергілікті тұрғындар мен этномәдени бірлестіктер өкілдері және жастармен кездесіп, жаңа Конституция жобасы мен референдумның маңыздылығын талқылады.

Петропавлдағы жиынды ашқан Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция жобасының стратегиялық мазмұнына тоқталып, бұл құжат мемлекеттік институттарды жан-жақты жаңғыртып, заман талабына сай икемді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтеді. Жаңа Конституция жобасында «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән беріліп отыр. Азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғау және орнықты даму да бағдары да басты назарда. Білім, ғылыми, инновация және мәдениет еліміздің басты басымдықтары ретінде айқындалды. Конституциялық реформа өңірлерді дамытудың институцианалдық негізін де қалыптастырады. Бәсекелі экономика құруға ұлттық байлықтың халық игілігіне жұмсалуын қамтамасыз етуге ұлкен көңіл бөлінген.

Жиында реформалар аясында Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің есептілігін арттыру және орталық пен өңірлер арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Мәулен Әшімбаев жаңа Ата Заң еліміздің жаһандық тұрақсыздық жағдайында серпінді дамуын қамтамасыз ететініне баса назар аударды.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Парламенттің Құрылтай деп айтқанының өзі біздің шын жүрегімізге жылы тиеді. Мысалы, қазақтың құрылтайы демократияның ең бір үздік үлгісі деп айтамыз. Құрылтайда осындай үлкен мәселелер шешілген болатын. Халықтың үнін тыңдаған болатын. Сондықтан осындай жаңалықтар біз үшін өте маңызды.

Жаңа Конституциялық өзгерістерде мемлекет дамуының басты бағыты ретінде адам капиталына, білімге, ғылым мен инновацияға басымдық берілген. Өңір жастарымен кездесу өткізген Сенат спикері Ата Заңның жаңа жобасы жас буынға өз әлеуеттерін жүзеге асыруға мол мүмкіндік беретінін айтты. Маңызды құжатта азаматтардың жеке деректерін қорғауға да ерекше назар аударылған.

Асанәлі Жанатұлы, студент:

Бірінші рет Конституцияда адамның әлеуметтік желідегі, жалпы интернеттегі жеке құқығын сақтау бойынша норма енгізу туралы оқыдық. Негізі жастар үшін бұл маңызды. Себебі біз осы платформаларды күнделікті қолданамыз. Және біздің жеке деректеріміз бұл удостоверения сияқты қорғалу керек.

Сапар аясында Мәулен Әшімбаев өнеркәсіп нысандарын да аралады. Парламент Сенатының Төрағасы еңбек ұжымдарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков