Таяу Шығыс өңірінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік органдар мен дипломатиялық өкілдіктердің ұйымдастыруымен Қазақстанға барлығы 9 мың 926 азамат қайтарылды. Ираннан Түрікменстан шекарасы арқылы жерүсті бағытымен 3 Қазақстан азаматы эвакуацияланды.
Жалпы эвакуация басталғалы Ираннан 69 отандас елге жеткізілген. Ал Израильден 68 қазақстандық елге оралды. Бұл жағдайға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдірді. Ол: «Азаматтар әлемнің қай қиырында жүрсе де, Қазақстан мемлекеті оларға әрдайым қамқор болып, көмек қолын созуға дайын», - деді.
Айта кетейік, Президент тапсырмасымен Сыртқы істер министрлігі жанынан арнайы штаб құрылды. Оған бірқатар ведомство өкілдері, әуе тасымалдаушы және туристік компаниялар жұмылдырылған. Қазір Қазақстанның өңірдегі дипломатиялық өкілдіктері жергілікті билікпен бірлесіп, үйлестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар отандастармен тұрақты байланыс орнатып, қажетті көмек көрсетуде.