Француз тарапының бастамасы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмманюэль Макронмен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгімелесу барысында француз көшбасшысы Қазақстан Президентін жаңа Конституцияға арналған жалпыхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады. Ол аталған уақиғаның тарихи маңызын, сондай-ақ елді одан әрі жаңғырту жолындағы қарышты қадам екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің қолдауы және референдум нәтижесіне жоғары баға бергені үшін алғыс айтты.
Тараптар экономикадағы, әсіресе, индустрия мен энергетика салаларындағы өзара ықпалдастыққа көңілдері толатынын, сондай-ақ осы бағыттағы бірлескен күш-жігерді жалғастыруға бейіл екендерін жеткізді.
Мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастық және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылау мақсатында алдағы уақытта кездесуге уағдаласты.