Парламент Алатау қаласының арнаулы мәртебесін бекітті

  • 7
  • 27.03.2026, 21:31

Алатау қаласы дербес басқарушылық, қаржылық және институционалдық ерекше режимі бар қала ретінде дамиды. Бүгін Парламент «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжатқа сәйкес, жаңа модель әкімшілік басқару мен стратегиялық жоспарлауды бөлуге негізделген. Бұл жүйеде негізгі үйлестіруші орган – «Alatau City Authority». Ол Үкімет құрамына кірмейді, бірақ Премьер-министр төрағалық ететін Кеңеске есеп береді. Ал мәслихат пен әкімдік күнделікті қалалық қызметтерді атқаруды жалғастырады. Қаржылық жүйеде жергілікті бюджет пен мемлекеттік қор қаражаты біріктіріліп, шоғырландырылған бюджет құрылады. Сондай-ақ қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан түсетін кірістер қала дамуына бағытталып, мемлекеттік қорда сақталады. Пайдаланылмаған немесе артық қаражат кері қайтарылмай, «Alatau City» шотында жинақталады. Бұл тетік Алатаудың заманауи қаржы-экономикалық орталыққа айналуына мүмкіндік береді.

Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Ертеңгі келетін инвесторлардың мәртебесін қорғау, қауіпсіздігі мен кепілдік беру мәселесі толық шешімін тауып отыр. Үшіншіден, қаланың бұрыннан келе жатқан тұрғындарының резидент ретіндегі мәртебесін сақтап қалу жайы қарастырылды. Бұның ішінде қабілеті төмен азаматтарға, мысалы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жоғары қысымды газ құбыры өтетін аймақтан аталған азаматтарға 4 гектар жер беріледі.