Парламент қарауына 5 жаңа конституциялық заң жобасы ұсынылады

  • 10
  • 01.04.2026, 21:52

Жақын арада ауқымды реформаның бір бөлігі болып табылатын бес жаңа конституциялық заң жобасы Парламент қарауына ұсынылады. Олар Президент қызметіне, Құрылтайға, Халық Кеңесі мен Астананың мәртебесіне қатысты болмақ.

Референдум ойдағыдай өтті. Ата Заң қабылданды. Қазіргі таңда елде жаңа Конституцияны іске асыру үшін маңызды нормалар әзірленіп жатыр. Негізгі міндет – бес басты конституциялық заңды сапалы әрі мазмұнын бұзбай қабылдау. Алғашқысы, Президент туралы заң – Мемлекет басшысының өкілеттіктерін, міндеттерін және жауапкершілігін нақтылайды.  Екіншісі, Құрылтай  және оның депутаттарының мәртебесі туралы заң. Айтпақшы, негізгі нормаларды кәсіби заңгерлер дайындап жатыр.  

Индира Әубәкірова, «Заңнама және құқықтық ақпарат институты» РМК директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор:

-Бұл заңның мақсаты – Құрылтайдың  жаңа жағдайдағы рөлін сақтау және оның жұмыс тәртібін нақтылау. Заң жобалары үш оқылымда қаралады, бұл сапаны арттыруға бағытталған. Сондай-ақ пропорционалды сайлау жүйесі енгізіліп, партиялар арасындағы бәсеке күшейеді. Депутаттық этика мәселелері заң деңгейінде бекітіліп, арнайы депутаттық этика Кеңесі құрылуы мүмкін.

Қазіргі таңда  азаматтық қоғаммен, Әділет министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп пысықталып жатқан заң жобаларының бірі – Халық Кеңесі. Ол халық үнін жеткізіп, мүддесін қорғайтын орган болмақ. 

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Біз Құрылтай мен Халық кеңесі туралы заңдарды ең алдымен  азаматтардың әлеуметтік, экономикалық және саяси құқықтарын қорғауға бағыттаймыз. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы бес конституциялық заң еліміздің саяси жүйесін түбегейлі қайта қалыптастырады. Сондықтан депутаттар қазір заң шығару жұмысына қызу дайындалуда. 

Бас құжаттың негізгі қаңқасы болып тұрған заңның бірі - Астананың мәртебесі туралы заң. Онда  Астананың құқықтық жағдайы, басқару жүйесі және даму ерекшеліктері нақты реттеледі. Бесіншісі - Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заң. Қазір нақты жұмыс басталып кетті. «Алдағы міндет - іргелі заңдарды қабылдау. Себебі оларсыз алға жылжу мүмкін емес», - дейді депутат.

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жалпы бес конституциялық заң қабылдануы тиіс, одан кейін тағы сегіз конституциялық заңға өзгерістер енгізу қажет. Жалпы алғанда, осы заңдарды жетілдіру міндеті тұр. Өйткені көптеген заңдар жаңа Конституциядан туындайды және онда көрсетілген мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты айқындайды. Осы бағытта Парламент алдағы екі ай ішінде жұмыс жүргізіп, заңдарды Президенттің қол қоюына ұсынуы тиіс. Менің ойымша, бұл жұмыс сындарлы әрі тиімді болады. Барлығы да қойылған міндеттерді түсінеді, сондықтан заңдар жедел тәртіпте қабылданады.

Осы заңдардың барлығы жаңа басқару жүйесінің негізі болмақ. Ал негізгі ережелер 1 шілдеге дейін қаралып, қабылдануы тиіс.

Алуа Маханбет, Айдос Меделбеков