Сенат Қазақстан мен Перу арасындағы бірқатар келісімді мақұлдады

  • 10
  • 02.04.2026, 21:35

Бүгін Сенат депутаттары Қазақстан мен Перу Республикасы арасындағы бірқатар келісімді мақұлдады. Атап айтқанда, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек, сотталған адамдарды беру және ұстап беру туралы шарттарды ратификациялады. Бұл екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығын нығайтпақ. Мұндай шарттар бұған дейін ондаған елмен жасалған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған шарттар Қазақстан мен Перу арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Шарттар екі елдің арасында өзара құқықтық көмек көрсетудің және сотталған адамдарды экстрадициялаудың тәртібін реттейді. Сондай-ақ тараптар аумағында жүрген күдікті адамдарды ұстап берудің рәсімдерін айқындайды. Алдағы уақытта бұл заңдар екі елдің қылмысқа қарсы күрес жолындағы іс-шараларының тиімділігін арттырады деп сенеміз.

Браконьерлік белең алып тұр.

Сенаторлар Үкіметке депутаттық сауалдарын да жолдады. Мәселен, Андрей Лукин су биоресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы жүйелі мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, су айдындарының едәуір бөлігі әлі де иесіз жатыр, бірқатар өңірде су нысандарының өзекті тізімі жоқ, ал уәкілетті органдар тарапынан бақылау төмендеп кеткен. Салдарынан браконьерлік әрекеттер жиілеп, ресми статистика мен тексеру мәліметтері бір-біріне сәйкес келмей жатыр. Бұдан бөлек, өнімді белгіленген квотадан тыс экспорттап, құжаттарды қолдан жасайтындар да аз емес. 

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Комитеттің 2022-2025 жылдардағы ресми деректері бойынша 84 мың тонна балық заңсыз айналымнан тәркіленді. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндірістік балық түрлері қорларының тұрақты түрде төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, Жайсан көлінде көксерке көлемі 9,3-тен 4 мың тоннаға дейін қысқарды, тұқы іс жүзінде жоғалып кетті. Бұл ретте бірқатар аймақтарда браконьерлік әрекеттен келген залал айтарлықтай мөлшерге жетуде.