Сенатта агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығын цифрлық трансформациялау тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бұл салада жай цифрландыру жеткіліксіз. Себебі су мен аграрлық ресурстарды тиімді басқару үшін бірыңғай цифрлық жүйе құру қажет. Бұл жүйе үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде жұмыс істеп, су тапшылығы мен құрғақшылық тәуекелдерін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы – судың негізгі тұтынушысы. Ал оны тасымалдау кезіндегі шығын 40 пайызға дейін жететіні айтылды. Осыған байланысты судың қозғалысын толық цифрлық бақылауға алу ұсынылды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Агроөнеркәсіптік кешенді және су шаруашылығын цифрландыру еліміздің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды секторлардың бірі. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы бағыттарды жетілдіруге үнемі баса мән беріп келеді. Жалпы қазір еліміз жаппай цифрландыру кезеңіне қадам басқаны белгілі. Соның аясында агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы саласында да жаңа мақсаттар айқындалып отыр. Осылайша, біз жекелеген мемлекеттік қызметтерді цифрландарудан ресурстарды және процесстерді «Smart» басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшуді қолға алып отырмыз.