СҚО-да ағаш өңдеу зауыты салынады

  • 6
  • 07.04.2026, 21:32

Үкімет Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жалпы құны 70 млрд теңге болатын жоба 2026-2028 жылдары іске асырылады. Кәсіпорын қосылғаннан кейін кемінде 160 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ол ел ішінде ағаш өңдеу өндірісін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Зауыт жылына шамамен 600 мың текше метр ағаш-жаңқалы плиталар мен 20 млн шаршы метр ламинат плиталарын өндіретін болады. Бұл ішкі нарықты отандық өніммен қамтып, импорт көлемін қысқартады. Келісімге сәйкес, инвестор дайын өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарыққа бағыттайды. Ал кәсіпорын жобалық қуаттың 80 пайызына шыққаннан кейін, экспорт көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін жетеді.  

Азамат Панбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің төрағасы:

- Инвестор өңірдің дамуына, әлеуметтік нысандарды ремонттауға 150 млн теңгедей қаражат қарастырады жыл сайын. Қазақстандық кадрлар даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға аса мән береді. Қазақстандық тауарлар мен өнімдерді, қызметтерді пайдаланады және өндірілген өнімді ішкі нарыққа жеткізуге міндеттеледі.