1 шілдеден бастап елде жаңа Конституция күшіне енеді

  • 6
  • 08.04.2026, 21:40

Бірінші шілдеден бастап еліміз жаңа саяси кезеңге қадам басады. Жаңа Ата Заң күшіне енеді. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтары басымдыққа ие болып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі күшейтілмек. Сонымен қатар онда «Халық Кеңесін» құру, дәстүрлі құндылықтарды нақтылау және қос азаматтыққа тыйым сияқты маңызды нормалар қарастырылған. 1 шілдеден бастап тағы не өзгереді?

Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңарды. Бұл тек құқықтық түзету емес, басқару жүйесінің толық өзгеруі. Енді «Әділетті Қазақстан» моделінің негізінде мемлекет емес, адам тұр. Оның құқықтары, бостандығы және ең бастысы – қадір-қасиеті басты назарда. Оған тіпті мемлекеттік органдар да қысым көрсете алмайды. Себебі олардың заңсыз әрекеттерінен қорғау тетіктері енді конституциялық кепілдік ретінде айқындалды

Мәди Мырзағараев, республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

-Қандай да бір әкім болсын, билік өкілдері болсын, салқы қызметкері дейік, қандай да бір лауазымды тұлға азаматқа қатысты заңсыз шешім шығарар алдында он рет ойланатын болады. Себебі ол азаматқа күндердің бір күнінде өтемақысы өтелуі мүмкін. Оны мемлекет кепілдік беріп, Ата Заңымызда белгілеп отыр.

Ал «Халық Кеңесі» институының енгізілуі демократияны нығайта түспек. Себебі бұл орган арқылы азаматтар заң шығару үдерісіне белсенді қатысатын болады. Сонымен қатар жаңа Конституцияда қоғам құндылықтары нақтылана түсті. Қос азаматтыққа тыйым салынды. Әрі неке ұғымы енгізіліп, оның ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы екені айқындалады.

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Бұрын бұл норма тек отбасы туралы кодексте көрсетілетін еді. Енді оны Конституция деңгейінде бекіттік. Бұл неке ұғымы біздің дәстүрлі құндылықтарымыздың бірі екенін дәлелдейді. Әрі оның мемлекет қорғауында болатынын көрсетеді. Қоғамда кейде дәстүрге қайшы келетін жағдайлар орын алатыны рас, бірақ дәл осы норма арқылы некенің негізгі мәні айқындалды деген ойдамын.

Дана Әлиева