Түркияның Ыстамбұл қаласында Парламентаралық Одақтың 152-ші Ассамблеясы өтті. Әлемнің 155 елінен делегаттар қатысқан алқалы жиынға Қазақстан делегациясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды. Ол қазіргідей алмағайып кезеңде парламенттік дипломатияның рөлі арта түсетінін айтты. Орталық Азия бүгінде көпвекторлы дипломатияның үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Түркия Президенті Режеп Таийп Ердоған Парламент спикерлерімен жүздесіп, ассамблея жұмысына атсалысқандары үшін алғысын білдірді.
Жаһандық саммит аясында Ерлан Қошанов шетелдік әріптестерімен екіжақты кездесулер де өткізді. Форум алаңдарында Армения, Әзербайжан, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан мен Өзбекстан парламенттері төрағаларымен пікір алмасты. Сондай-ақ ТүркПА-ға мүше елдер парламенттері делегацияларының басшылары жұмыс кездесуін өткізді.