Мемлекет басшысы Моңғолияны аймақтағы маңызды серіктес әрі тату көрші ретінде атап, Президент Ухнаагийн Хурэлсухтың елімізге сапарына айрықша мән беріп отырғанын айтты.
– Біздің тарихымыз бен тамырымыз – ортақ. Екі ел де көшпенділер өркениеті мен «киіз үйлер» мәдениетінің мұрагері саналады. Қос халықтың болмысы мен рухани дүниесі, өмір салты мен әдет-ғұрпы – үндес. Сондықтан біз әрдайым бір-бірімізге тілектес болып, жетістіктерімізге шынайы қуанамыз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Моңғолияның қарым-қатынасы тың қарқынмен дамып келе жатыр. Осыдан бір жарым жыл бұрын Моңғолияға мемлекеттік сапармен барғанымды білесіздер. Қадірлі Президент Ухнаагийн Хурэлсух мырзаның және барша моңғол халқының ықылас-ілтипатын әрдайым ризашылықпен еске аламын. Сол сапар барысында Cтратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойдық. Бұл – мыңжылдық бауырластығымызды біржола бекіте түскен тарихи құжат. Қазіргі таңда екі елдің парламенттері мен құзырлы министрліктері тығыз байланыс орнатқан. Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес табысты жұмыс істеп келеді. Президент Хурэлсухтың бүгінгі сапары осы ынтымақтастықты нығайта түсері анық, – деді Қазақстан Президенті.
Тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша мазмұнды әрі нәтижелі келіссөздер жүргізген.
– Саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және өзге де саладағы ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға келістік. Атап айтқанда, біз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдық мекемесін ашу туралы өзара келісімге келдік. Мұны, шын мәнінде, бауырлас әрі тарихы тамырлас елдеріміздің арасындағы стратегиялық серіктестік рухына сай келетін маңызды қадам деп айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ бұл моңғол елінің қазақ халқына деген ізгі ниеті мен шынайы достық көңілінің айқын көрінісі екені сөзсіз. Біз бұл шешімді жоғары бағалаймыз. Осы орайда, мен Президент Хурэлсух мырзаға зор алғысымды айтқым келеді. Жалпы, сапар барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Бүгін жасалған келісімдер екі елдің алыс-берісін жандандыра түсетіні сөзсіз. Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр 130 миллион доллар болып, 7,7 пайызға өсті. Елдеріміздің экономикалық әлеуетін ескерсек, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Осы орайда алдағы бірнеше жылда тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу жөнінде меже қойып отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, сауда-саттықтағы тауар түрін кеңейтуіміз керек. Экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді барынша азайту қажет. Осыдан бір ай бұрын Қазақстанның сауда миссиясы Моңғолияға арнайы сапармен барды. Онда экономикалық байланыстарды әртараптандыруға қатысты маңызды ұсыныстар жасалды. Біз былтыр Еуразия экономикалық одағы мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификацияладық. Бұл құжат елдеріміз үшін көптеген тың мүмкіндікке жол ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөз барысында көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастыққа баса мән берілген.
– Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсух мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік. Бұл – әрине, жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе. Десек те, ең бастысы, жол құрылысы бойынша мақсатымыз – бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес алдымен бірлескен Үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды, көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақтылы орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан – Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады. Баршаңызға мәлім, мен былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Саммитінде «Трансалтай сұхбат алаңын» құруды ұсындым. Алтайдың төрт жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте төрт елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, «Алтай» бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады. Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір «Алматы – Ұлан-Батыр» бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай «Астана – Ұлан-Батыр» әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде «Өскемен – Өлгей» бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан әрі нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз. Бұл тұста да Моңғолия елінің басшысы – құрметті Хурэлсух мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтамын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына тоқталды.
– Екі ел де – табиғи байлығы мол мемлекеттер. Тау-кен саласында, соның ішінде геологиялық барлау және жер қойнауын игеру ісінде Қазақстанның тәжірибесі мол. Қос тарап осы бағытта бірлесе күш жұмылдыруға дайын. Елдеріміз ауыл шаруашылығына, әсіресе, мал шаруашылығына айрықша мән береді. Қазіргі заманда мал өнімдерінің халықаралық стандарттарға сай әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Қазақстанда мал ауруына қарсы тиімді вакцина өндірісі жолға қойылған. Біз еліміздің вакциналарын Моңғолияға жеткізу, болашақта бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Моңғолияның жерді ғарыштан бақылайтын жүйе құру бастамасына қолғабыс етуге дайынбыз. Осы салаға қажетті білікті мамандарды да даярлауға болады. Қазақстан цифрлық даму мәселесіне айрықша назар аударады. Бұл – еліміздің болашағын, жаһандық бәсекедегі орнын айқындайтын стратегиялық сала. Бүгін Хурэлсух мырза «Alem.AI» халықаралық орталығына және «Ақылды қаланы» басқару орталығына» барады. Жалпы цифрландыру саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға екі тарап та мүдделі, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан мен Моңғолия президенттері мәдени-гуманитарлық байланысты талқылаған.
– Былтыр Астанада өткен «Silk Way Star» халықаралық вокалдық конкурсында Моңғолияның Мишель атты әншісі бірінші орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай жобалар халықтарымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани байланысын бекемдейтіні сөзсіз. Сондай-ақ елдеріміздің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға мол мүмкіндік бар, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жыл сайын моңғол азаматтарына білім гранттарын бөліп келе жатқанына назар аударды.
– Біз грант санын көбейтіп, Моңғолияға қажетті мамандар дайындау ісіне атсалысуға әзірміз. Биыл Моңғолияда «Study in Kazakhstan» білім жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар біз Ұлан-Батыр қаласында Қазақстанның іргелі университетінің филиалын ашуды ұсындық. Бұған қоса, екі елдің қалалары арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға келістік. Бұл шаралар елдеріміздің достығын бекемдеуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты күшейтуге жол ашады. Осы жұмысты жалғастыра беру маңызды деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары өте нәтижелі өтіп жатқанын айтты.
– Қазақстан мен Моңғолияның аймақтық және жаһандық деңгейдегі көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдары – ұқсас. Ертең өтетін Экологиялық саммит – соның айқын көрінісі. Біз Моңғолиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша көңіл бөлеміз. Халықаралық ұйымдар аясында біз бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп келеміз. Бұл елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және өзара сенімінің нақты көрінісі екені анық. Мен мұны жоғары бағалаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Ухнаагийн Хурэлсух бүгінгі келіссөздерге жоғары баға берді.
– Құрметті Президент, біз Сіздің Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен іс-қимыл жоспары нәтижелі жүзеге асып, екі елдің игілігіне қызмет ететініне кәміл сенемін. Бауырлас халықтарымыздың достығы ұрпақтан ұрпаққа ұласып, стратегиялық әріптестігіміз бен ықпалдастығымыз мәңгі жасай берсін! – деді Моңғолия Президенті.