Премьер-министр Олжас Бектенов Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға келген Шенжен Энерджи Энвайронмент компаниясының басшысы Ван Ганмен кездесу өткізді. Қос тарап еліміздің жаңа Конституциясында бекітілген Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нормаларға және Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасына сәйкес, экология саласындағы ынтымақтастық жайын талқылады. Нақтырақ айтсақ, қалдықтарды кәдеге жарату және озық экостандарттарды енгізу бойынша жұмыстар легін пысықтады.
Елордада қатты тұрмыстық қалдықтарды пайдалана отырып, электр энергиясын өндіруге арналған «Астана энергиясы» экопаркі» инвестициялық жобасының бірінші кезеңінің құрылысы басталды. Жобаға 180 миллион доллар көлемінде инвестиция құйылған. Бірінші кезеңді іске асыруда кәсіпорынның қуаты тәулігіне мың жарым тоннадан астам қалдықты құрап, өндірілетін электр энергиясының көлемі 50 МВт болмақ.