Бүгін – Ұлттық кітап және кітапханашылар күні.
Мемлекет басшысы баршаны мерекемен құттықтап, қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатқанын жеткізді. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайтынын тілге тиек етті. Президент алдағы екі апта ішінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау және оқуға құштар, зияткер ұлт қалыптастыру шаралары туралы арнаулы Жарлыққа қол қояды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс.