Мәжіліс бүгін «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы заң жобасын жұмысқа алды. Құжат жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Жуырда қабылданған Ата Заңда Халық Кеңесі туралы бөлім бар. Бұл жаңа құрылымның қызметіне көп үміт артылып отыр. Сондықтан оның жұмысы, құзыреті, міндеттері арнайы заң аясында айқындалады.
Жаңа Ата Заңның алтыншы бөлімі Қазақстан Халық Кеңесі деп аталады. Міне, сол жерде оның Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган екені айтылған. Ереже бойынша оның жұмыс тәртібі, құрамы, құзіретін айқындайтын арнайы заң болуы тиіс. Сол үшін Парламент «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жоба қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекет пен қоғам арасында диалогты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің құқықтық мәртебесі, оның өкілеттіктері, құрамы және жұмыс тәртібі айқындалады.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық кеңесінің негізгі мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде аймақтардағы саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелердің барлығын ашық талқылау арқылы Үкіметке және Мәжіліске нақты шешімдерді ұсынып отыру. Өте маңызды саяси институт болады.
Халық кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту жолында қызмет қылады. Сонымен қатар ел мүддесі үшін ұсыныстар әзірлеп, құрылтайға заң жобаларын енгізе алады. Парламент алдағы уақытта Құрылтай болып өзгереді. Оны ұйымдастыру және қызметі арнайы конституциялық заңмен бекітіледі.
Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Құрамында өз ісінің мамандары, өз ісінің сарапшылары әр түрлі салада қызмет ететін мамандар. Олардың барлығы болашақ құрылтайда заңдарды қабылдауға атсалысады. Құрылтайда заңдарда қабылдау үш сатыда болуы мүмкін. Соларды біз нақты талқылаймыз сол заңдар қазір кіреді ғой бізге.
Мамандардың айтуынша заң шығарушы орган бірпалаталы болғандықтан заңдарды қабылдау тез жүреді және жаңа сатыға көтеріледі. Депутаттар саны 145 болады. Олардың өкілеттік мерзімі бес жыл.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин