Жаңа басшыны Президент тапсырмасы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов өңір активіне таныстырды. Алдымен мәслихат депутаттарының жиналысы өтіп, онда Мемлекет басшысының Қызылорда облысының әкімі лауазымына екі кандидатты: Ардақ Зебешев пен Мұрат Ергешбаевты ұсыну туралы хаты оқылды. Ашық дауыс беруге қатысқандардың 81% депутат Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдады. Ол Президенттің тиісті Жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалды. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа өңірдің дамуы және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Аймақта өнім көлемі 4 жылда 2 есеге артып, 3,7 трлн теңгеге жеткен. Президент облыс басшылығы алдына бірқатар басым міндет те қойып отыр. Оның ішінде халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономика салаларын әртараптандыру, инвестиция тарту сынды өзге де бағыттар бар. Қалада салынған қуаты 240 МВт болатын жаңа газ жылу электр орталығы тұрақты жұмыс істеуі керек. Экономикада бизнестің үлесі артып, аграрлық сала да дамуы қажет. Соңғы 4 жылда әлеуметтік салада 100 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылған. Үнемделген қаржы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.