Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық кімдерге қолданылады?

  • 6
  • 03.06.2026, 19:40

Жаңа Конституцияның қабылдануына орай елімізде алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасалады. Бүгін Мәжіліс тиісті заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді мақұлдады. Алдын ала есеп бойынша қылмыстық бағыттағы шара 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Рақымшылыққа кімдер ілігеді?

Рақымшылық туралы заң жобасын Мәжіліс депутаттары қызу әрі ұзақ талқылады. Құжат ел Президентінің тиісті тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Рақымшылыққа шамамен 16 мың сотталушы ілігіп, оның ішінде 1,5 мыңға жуығы бостандыққа шығуы мүмкін.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

-Қылмыстық істер бойынша бізде 16 мың жарым іліккелі отыр. Оның барлығы бірдей бас бостандығынан айрылған азаматтар емес. Ішінде пробациялық бақылауда жүргендер бар, қамауда отырғандар 5 мыңның шамасында. Қауіпті қылмыстар амнистияға ілікпейді, ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар толық босатылмайды, тек қысқартылады мерзімі. Бұған тек жеңіл және онша ауыр емес санаттағы қылмыстар ғана енеді.

Кешірім жасау қай санаттағы заңбұзушылықтарға қатысты болатыны нақты айтылды. Мәселен, жол ережесін өрескел бұзғандар, мас күйінде көлік жүргізгендер, сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлар мен террористерге рақымшылық жасалмайды. Отырыс барысында бұған дейінгі тәжірибенің қорытындысы да сөз болды. 

Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Өткен жылы рақымшылықпен босатылған адамдардың қаншасы бас бостандығымен айыруға қайта сотталды және оларға қазір қайта рақымшылық қолданылатын болады деген деректер бар ма сізде? Егер солай болса, кешірім жасау актісінің мәнін түсінбесе, неге мұндай азаматтарға рақымшылық және қолданылып отыр биыл?

Абай Қайырбеков, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Өткен жылғы рақымшылық жасау актісіне сәйкес, 15 мыңнан сотталған адамның жазалары жеңілдетіліп, біразы босатылды және де көбінің мерзімдері қысқартылды. Былтырғы өткізілген рақымшылық актісіне сәйкес, 2300-дей адам жазасын өтеу жазасынан босатылған. Солардың ішінен өкінішке қарай 8 адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ал әкімшілік рақымшылық тек елде ғана емес, ТМД көлемінде алғаш рет өткізіледі. «Онымен ішкі істер министрлігі айналысып, бір миллион айыппұлды қамтымақ. Оның жалпы көлемі 21 млрд теңге»,-дейді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан. Сондай-ақ өсімпұлды да кешіру көзделген. Дегенмен рақымшылыққа іліккен азаматтардың деректері құқыққорғау органдарында сақталады.

Сәбит Нұрлыбай, ҚР Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы:

- Әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы ол біздің базада сақталатын болады. Ең маңыздысы азаматтардың соттылығы болмаса, не ақталмаған себептермен істі болмаса, әкімшілік қамақ болмаса кез келген азамат жұмыс орнына тұруға ешқандай кедергі болмайды.

Еліміз тәуелсіздік алғалы осымен 11-ші рет рақымшылық жасалмақ. Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков