Бүгін Сенат жаңа Конституцияның қабылдануына орай рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады. Құжат бұған дейін қызу талқыланған болатын. Сондай-ақ отырыста депутаттар бірқатар халықаралық келісімді де ратификациялады. Олардың қатарында, Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы заң да бар. Бұдан өзге, газбен жабдықтау және электр энергетикасы, цифрландыру және дербес деректерді қорғау және өзге де құжаттар қаралды. Сенаторлар бастамашы болған машина жасау саласын қолдауға бағытталған заңға баса мән берілді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Президентіміз жаңа Конституцияның қабылдануына орай Қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасауды тапсырды. Бүгін мақұлданған рақымшылық жасауға қатысты заңдар топтамасы осы тапсырманы орындау мақсатымен әзірленді. Заңдар аясында соттардың қарауындағы тоқтатылатын сондай-ақ жазадан босатылатын істердің санаттары айқындалды. Бірқатар санаттар бойынша жаза мерзімі қысқартылады. Сонымен бірге алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалатын болады. Бұл заңдарды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз.