ШЫҰ әлемдегі ықпалды құрылымға айналды

  • 8
  • 12.06.2026, 19:32

Шанхай ынтымақтастық ұйымы әлемдегі ықпалды халықаралық құрылымдардың біріне айналды. Бұл туралы Президенттік орталықта өткен сарапшылық кездесуде айтылды.

Басқосуда ұйымның ширек ғасыр ішіндегі даму жолы, бүгінгі жетістіктері мен болашақтағы бағыттары талқыланды. Ұйым негізінен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған еді. Басқосуда экономикалық ынтымақтастық, сауда байланыстарын дамыту, көлік-логистикалық дәліздерді жетілдіру және технологиялық әріптестік мәселелері қаралды.

Бүгінгі кездесуде қатысушылар ұйым аясындағы байланыстарды нығайтудағы және Еуразия кеңістігіндегі гуманитарлық қарым-қатынасты кеңейтудегі рөлін талқылады. Сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Дәурен Әбен, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары:

- Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін елдерге қарасаңыз, әлеуеті, жер көлемі, халық саны бойынша өте мықты ұйым десе болады. Бірақ бұл ешкімге қарсы бағытталған ұйым емес, әскери блок емес. Бұл осы мүше елдердің қандай да болсын мәселелерін шешуге тырысатын ұйым.

Амангелді Тәженов, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары: 

- Мен осы 25 жылда қандай жетістігіміз бар деп ойлаймын. Соған тоқталғанда, ең негізгісі – өзіміздің Еуразиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке бұл ұйым өте үлкен үлес қосты деп ойлаймын. Ол – бірінші. Екіншіден, қазір бұл ұйым кеңейіп отыр. Көп мемлекеттер мүше болғанымен қатар, тағы да көптеген елдер өздерінің өтініштерін беріп отыр.