Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Черногория Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды.
Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат танытып, Черногория Президентінің сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
– Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан Черногориямен өзара қызығушылық танытқан барлық бағытта тығыз ықпалдастық орнатуға дайын екенін растады. Президенттің айтуынша, сауда-инвестиция, көлік байланысы, цифрлық шешімдер, ауыл шаруашылығы, туризм және тағы басқа салалар бірлескен жұмыстың басым векторы болуға тиіс.
Яков Милатович Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Құрметті Президент! Ең алдымен Қазақстанға шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Өзіңіз атап өткендей, бұл – Черногория Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бүгін біз екіжақты ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте түсеміз деп сенемін. Бұл сапар байланыстарымыздың жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мен мұнда достас елдің өкілі ретінде келдім. Черногорияның іскерлік орта өкілдері де осында. Екі елдің сауда палаталары бизнес форум өткізеді, бірқатар меморандумға қол қойылады. Черногория Қазақстан азаматтары үшін танымал бағыттардың бірі екенін білеміз. Осы тараптағы байланыстарымызды күшейте түскіміз келеді. Сізбен саяси ынтымақтастықты ғана емес, экономикалық серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін де талқылаймыз, – деді Черногория Президенті.