Брюссельде Орта дәлізді дамыту талқыланды

  • 10
  • 23.06.2026, 19:32

Бельгияда Еуропа мен Азияны байланыстыратын Орта дәлізді жетілдіру жолдары талқыланды. Брюссельде өткен халықаралық бизнес-конференция Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы көлік байланысын нығайту және Транскаспий бағытының стратегиялық әлеуеті тақырыбына арналды. Іс-шара Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға ресми сапары аясында өтті. 

Брюссельдегі басқосуда талқыланған басты тақырып – Орта дәліз және оны бизнес үшін қолайлы ету жолдары. Соның ішінде теміржол мен порт инфрақұрылымын, терминалдарды, цифрлық шешімдерді және Еуропа мен Азия арасындағы жаңа логистикалық тізбектерді дамыту мәселелері әңгіменің өзегіне айналды. Маршрутты Еуроодақтың Global Gateway жобасымен ұштастыру мәселесіне де ерекше мән берілді. Бастама арқылы Брюссель серіктес елдермен, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттерімен инфрақұрылым жобаларын дамытып келеді. Бұл іске бизнес те белсенді араласып жатыр. 

Людо Саренс, Sarens компаниялар тобының президенті:

- Біз негізінен Қытайдан жіберілетін жүктерді тасымалдаумен айналысамыз. Шекарадағы кідірістерді болдырмау үшін Қазақстан үкіметімен бірге 85 гектар аумақты алатын жобаны бастадық. Мақсат – өткізу қабілетін шамамен 2 есе арттыру. Бейнебақылау камералары, дрондар және басқа да инфрақұрылымға 2 миллион доллардан астам қаржы құйылды. 

Инвесторлардың елімізге қызығушылығы артуда. Мұны біздің нарықта біраз жылдан бері жұмыс істеп жүрген еуропалық логистикалық компаниялар растап отыр. 

Дейв Ван Ден Бос, Ahlers компаниясының бас директоры:

- Біз Қазақстанда шамамен 30 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Алматы мен Қарағандыда қоймаларымыз бар. Тұтыну секторынан бастап жобалық логистикаға дейін түрлі саланың жүгін тасымалдауға қолдау білдіреміз. Қазір Қазақстанға еуропалық компаниялар көптеп келіп жатыр, ал біз оларға сенімді бағыттар құруға көметесеміз.  

Конференцияға Қазақстан мен Еуропалық Одақтан жүзден астам өкіл қатысты. Олардың қатарында Еуропарламент депутаттары, Еурокомиссия, Қазақстан Президент Әкімшілігі және Қазақстан үкіметінің өкілдері бар. Іс-шарада «Қазақстан темір жолы», халықаралық қаржы институттары, логистикалық компаниялар және салалық қауымдастықтар да белсенділік танытты.

Әсел Жанасова, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Мемлекет басшымыздың әрдайым айтатыны – транзиттік мемлекет, логистикалық хаб болуымыз керек. Сондықтан әрине, бүкіл ірі-ірі, дүниежүзіне әйгілі үлкен компаниялардың Қазақстанда, яғни табанын басу бұл біз үшін үлкен нәтиже деп сенемін. 

Бизнес-конференция аясында Орта дәлізді дамытуға арналған бірқатар меморандум мен келісімге қол қойылды. Құжаттар әуежайларды цифрландыру, порт жобасы, терминал құрылысы және тасымал көлемін арттыру мәселелерін қамтиды. Бұл уағдаластықтар Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайтып, дәлізді бизнес үшін қолайлы ете түседі. 

Ғалымжан Қараманұлы