Астанада Мемлекет басшысының реформалары туралы екі кітап көпшілікке таныстырылды. Біріншісі «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» деп аталады. Авторы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. Екіншісін «Талдау мектебі» жобасының бесінші легіне қатысушылар әзірлепті. Ол «Smart Governance: тиімді басқаруға қажетті деректер, аналитика және жасанды интеллект» тақырыбына арналған аналитикалық баяндамалар жинағы.
Тұсаукесер барысында Мәулен Әшімбаев қазіргі жағдайда шешім қабылдау жан-жақты талдауды талап ететінін, ал аналитикалық қызмет мемлекеттік басқарудың маңызды стратегиялық тетігіне айналғанын атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
- «Реформалар мәні. Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» кітабы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді жаңғырту бағдарламасына арналған. Бұл өзгерістер туралы кітап. Онда Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың мәні туралы менің түсінігім көрініс тапқан. Менің мақсатым – осы өзгерістердің философиясын ашып көрсету және олардың жаһандық контекстегі орнын айқындау болды. Біз бұл өзгерістерді қандай жағдайда жүзеге асырып жатқанымызды көрсетуге тырыстым.