Президент «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі

Президент «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөз сөйледі
  • 10
  • 26.06.2026, 14:36

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өтіп жатқан «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.

«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енді. Биылғы жиын Қазақстанның бірнеше аймағынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 50-ден астам команданың басын қосты.

Мемлекет басшысы бұл өскелең ұрпақтың рухын шыңдайтын, оларды отаншылдыққа тәрбиелейтін өте маңызды іс-шара екенін атап өтті.

– Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент 1 шілде күні мемлекетіміздің Бас құжаты – Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша, ел дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатынымызды еске салды.

– Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу.

– Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру. Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс. Бүгін арнайы келген Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжді осындай табысты жұмыстың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Биыл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде колледж сержанттық құрамға 4,5 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлады. Бұл бірегей тәжірибе халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды, – деді Президент.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін жеткізді.

– Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздік пен Егемендік, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары, Қазақстанды Әділ, Құқықтық және Озық мемлекетке айналдыру. Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді. Сарбаз болу – зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек. Баршамыз бірге күш жұмылдырсақ, ата-аналар әскери саланы таңдаған ұл-қыздарын мақтан тұтатындай жағдайға жететінімізге сенімдімін. Басқаша айтқанда, Отан алдындағы жауапкершілік барлық салада жоғары деңгейде адал еңбек етуден көрінеді. Әскери қызмет те осы санатта. Мемлекеттік рәміздерге құрмет және азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс. Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Президент елімізде жасақталған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды.

– Озық құндылықтарды дәріптейтін ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбие алған азаматтардың көбі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мен Мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын. Сіздердің араларыңызда қазірдің өзінде елеулі табысқа қол жеткізіп, құрдастары мен ізінен ерген інілеріне үлгі көрсетіп жүрген жандар бар. Бүгін осы жиынға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдаған үздік түлек Арман Оңдасынов қатысып отыр. Жақында Мемлекеттік рәміздер күні аясында оған аға лейтенант офицерлік атағын өз қолыммен табыстадым. Сонымен қатар бүгінгі іс-шараға «Айбын» халықаралық жарысының өткен жылдардағы жеңімпаздары келді. Жыл сайынғы әскери-патриоттық жиында еліміздің әр өңірінің және достас елдердің талантты жастары бас қосады. Мұның мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген қонақтарымызға бастаманы қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған ауқымды жоба осы жылдар аралығында нағыз патриотизм мектебіне айналғанын, мыңнан аса жігіттер мен қыздарды бір тудың астына біріктіргенін айтты.

– Жастар мұнда әділ бәсекеге түсіп, темірдей тәртіптің не екенін біледі. Қысылтаяңда бір-біріне қол ұшын созуға және командада жұмыс істеуге үйренеді. Жарыстар тек физикалық төзімділік пен күшті ғана сынап қоймайды, ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті де шыңдайды. Сондықтан «Айбын» жиынының ең басты миссиясы – Қарулы күштер қатарында кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалды элита қалыптастыру. Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтады. Өзара тілеулeстікті күшейтіп, халықтарымыз арасындағы достық, бірлік және түсіністік қағидаттарының беки түсуіне септігін тигізеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының аяқталуымен құттықтады.

– Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті» деген қанатты сөзі бар. Елге қызмет білімге ұмтылудан, қоршаған ортаға қамқор болудан, келешек алдындағы жауапкершілікті терең сезінуден басталады. Сондықтан әрбір Отан қорғаушы азамат көзі ашық, көкірегі ояу, елге жанашыр, антқа адал, талапты әрі табанды болуға тиіс. Осы күндері сіздер нағыз достық пен өзара құрметтің, ұйымшылдық пен мызғымас бірліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Жарайсыздар! Жеңімпаз болған командаларды шын жүректен құттықтаймын! Рухты жастардың осылай бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайта түсері сөзсіз. Әр сарбаздың айбыны асқақ болсын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның аспаны ашық, болашағы жарқын болсын! – деп түйіндеді сөзін Президент.