Парламент Сенатының тарихтағы соңғы отырысы өтті

  • 6
  • 29.06.2026, 19:31

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының 30 жылдық тарихындағы соңғы отырысы өтті. Осы уақыт аралығында Жоғарғы палатаның 890-нан астам жалпы отырысы ұйымдастырылып, мемлекет тағдырын айқындаған 3,5 мыңнан астам заң қабылданды. Олардың әрбір оныншысы Парламент депутаттарының бастамасымен ұсынылған. Бұл тұрғыда елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға, сот және құқық қорғау жүйелерін жеткілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту мен заң үстемдігін орнықтыру мәселелеріне баса мән берілді.

Заң шығаруымен қатар Сенат түрлі форматтағы жиындарды да өткізіп, қоғам дамуына қатысты маңызды сауалдарды көтере білді. Бұл мақсатта 60-тан астам парламенттік тыңдау мен 3 мыңнан астам жоспарлы іс-шара қолға алынды. Сондай-ақ азаматтарды алаңдатқан мәселелер бойынша Үкіметке 3 мыңға жуық депутаттық сауал жолданып, шешу жолдары ұсынылды.

Мәулен Әшімбаев. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Осылайша сенаторлар өздеріне жүктелген миссияны толық орындауға бар күш-жігерін жұмсады. Осы тарихи сәтте ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзімнің және барша сенаторлардың атынан бізге артқан жоғары сенімі, реформаларды бірлесе жүзеге асыруға берген зор мүмкіндігі және тұрақты қолдауы үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Сенаторлар Президентімізге, мемлекетшілдік қағидатына, заң үстемдігіне және халық алдындағы жауапкершілікке әрдайым адал болып қала береді. Өйткені ел дамуының жаңа кезеңіне қадам басып жатқан қазіргідей жауапты сәтте Әділетті Қазақстан құру және жаңа Конституцияны іске асыру жолында барлық сындарлы күштің Президентіміздің айналасына топтасуы аса маңызды. Осы жолда қоғамымыз бекем бірлік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетеді деп сенеміз.