Түркістан облысында 4 ауылды су басты

  • 7
  • 24.07.2026, 19:31

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында толассыз жауған нөсер жаңбырдың салдарынан төрт елді мекенді су басты. Тасқын су Дарбаза, Ердәуіт, Ақүй және Жаңаталап ауылдарына жетті. Салдарынан екі елді мекенде 15 тұрғын үйдің ауласы мен 6 көше жаңбыр суының астында қалды. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары, жергілікті атқарушы органдардың мамандары және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Арнайы техника мен мотопомпалардың көмегімен аулалардағы су сорылып, тасқын су Сарыүйсін каналына бағытталды. Мамандардың мәліметінше, Дарбаза, Ақүй және Жаңаталап ауылдарында су сору жұмыстары толық аяқталған. Ал Ердәуіт ауылында әлі жалғасып жатыр. Жағдай тиісті сала мамандарының бақылауында.

Шыңғыс Сүлейменов, облыстық ТЖД ресми өкілі:
-Оқиға орнында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 30 қызметкер, 10 мотопомпа, 3 техника және де жергілікті атқарушы органнан 16 қызметкер, 6 техника жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта жаңбыр суын сору және бұру жұмыстары жалғасын табуда. Сонымен қатар қазіргі жағдай бойынша дәл қазірге дейін 520 текше метр су сорылып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тұрғын үйлердің ауласына судың кіруіне жол бермеу мақсатында 60 қап дайындалып, төселді.