Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті
  • 6
  • 25.07.2026, 20:38

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.

– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, – Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.

– Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес. Біз украин халқына, оның мәдениеті мен тіліне әрдайым құрметпен қараймыз. Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп. Білуімше, сіз Аляскадағы Анкориджде өткен кездесуде дипломатиялық тұрғыдан барынша икемділік таныттыңыз. Осы орайда өз пікірімді білдіргім келеді. Өйткені маған да өтініштер айтылады. Меніңше, қақтығысты уақытша тоқтатып, 2.0. Ыстамбұл формуласына оралған дұрыс. Себебі аталған келіссөз барысында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілген еді. Содан кейін алпауыт елдердің, соның ішінде Ресейдің кепілдігі арқылы көптен күткен бейбітшілікке қадам басуға болады.  Қазақстан – бұл мәселеде сырт қалатын ел емес. Алайда қаншама мәрте ұсыныстар мен үндеулер айтылғанына қарамастан, мен бұл қақтығыста арағайын болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы ел, ал орыс халқы – ұлы халық. Күн тәртібіндегі барлық мәселені делдалсыз-ақ шеше алады. Алайда бүгін өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. Себебі адамдар менің Омбыға жоспарлы сапарымнан, Сізбен кездесуімнен хабардар. Тығырықтан қалай шығу керек екенін ешкім білмейді. Қос тараптың өз ұстанымы бар. Әйтсе де, осы алауыздықты уақытша доғаруға болады. Бұл – сынақтан өткен халықаралық тәжірибе, амал. Өкінішке қарай, өрімдей жастар құрбан болып жатыр. Олар – бауырлас Ресей мен Украина халықтарының келешегі. Сондықтан мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, қазіргі болып жатқан жағдай Ресей және Украина мемлекеттерінің дұшпандарына ғана тиімді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорыта келе, еліміз Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейіл екенін растады.

– Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасындағы ұстанымына келер болсақ, біз Ресейді әрдайым ұлы мемлекет деп санаймыз. Бұған еш күмәніңіз болмасын. Мен бұл туралы барлық халықаралық форумдарда айтып жүрмін. Біз қанша қиын болса да, Ресеймен стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды дамытуға бейілміз. Бүгінгі форум – соның айғағы, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ресей Президенті Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, Өңіраралық форум екіжақты қарым-қатынастың дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміздің ынтымақтастығы табысты дамып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде стратегиялық сипатқа ие болды. Оны ұдайы өсіп келе жатқан тауар айналымының деңгейінен аңғаруға болады. Өткен жылы екіжақты сауда-саттық шамамен 28 миллиард долларды құрады, ал биылғы бес айда, біздің статистикалық мәліметімізге сәйкес, тағы да 4 пайыздан аса өсті. Бұл қарқынды динамика келешегіміз жарқын екенін көрсетеді. Сонымен қатар оған инвестиция да ықпал етеді. Өйткені инвестиция алдағы күнге жағдай жасап, көрсеткіштерді айқындайды. Бұл ретте де ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз аз емес. Себебі Ресей кәсіпорындарының, ресейлік бизнесмендердің қатысуымен жалпы инвестиция көлемі 30 миллиард доллар болатын 70 жоба іске асырылып жатыр. Ресей – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Әріптестігіміз әртүрлі бағытта өрбіп келеді. Мәселен, металлургия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, фармацевтика секілді басқа да салалар қамтылған, – деді Владимир Путин.

Бұдан бөлек, Ресей Президенті мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселесіне тоқталды.

– Гуманитарлық байланыстар саласындағы ықпалдастығымыз өте маңызды. Бұл орайда, әлбетте, білім саласы алдыңғы орынға шығады. Қазақстанның мыңдаған азаматы ресейлік жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Омбыда Қазақстанның мемлекеттік университетінің филиалы ашылғанын атап өткім келеді. Ресейлік студенттерге 100 мемлекеттік стипендия ұсынылғаны үшін алғыс айтамыз. Олар ақысыз негізде білім алып жатыр, – деді Ресей басшысы.

Владимир Путин екі ел халықаралық аренада және өңірлік ұйымдар аясында белсенді қарым-қатынасты жолға қойғанына назар аударды. Биыл Ресей ҰҚШҰ-ға, ал Қазақстан – ЕАЭО-ға төрағалық етеді.

Сонымен қатар Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің тарихи тамырластығы туралы сөз қозғады.

– Бүгін госпитальге арнайы барғаныңызды білемін. Омбы Сіз үшін Ресейдің қатардағы қаласы емес. Бұл жерде Сіздің әкеңіз 1945 жылы қыста ауыр жарақаттан кейін ем-дом алған. Біз Ұлы Отан соғысы мен халқымыздың нацизмді жеңуге қосқан үлесін әрдайым есте сақтаймыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізбен жүздескенімізге қуаныштымыз, – деді Ресей Президенті.

Әңгімелесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ғарыш, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Бұдан бөлек, президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.