Құрылтай сайлауында заң бұзушылық тіркелмеді

  • 11
  • 24.08.2026, 19:12

Сондай-ақ сайлау толықтай ашық өтті. Бұл туралы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық миссиясының өкілдері мәлімдеді. Қырғызстан, Әзербайжан және Түркиядан келген байқаушылар Құрылтай сайлауына оң баға берді. Олардың айтуынша, саяси науқан халықаралық талаптарға сай өткен.

Филиз Кылыч, ТМПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі:

-Біз барған учаскелерде дауыс беру бірқалыпты әрі асқан ұйымшылдықпен өтті. Сайлаушылар еркін келіп, таңдауын еш кедергісіз жасады. Дауыс беру құпиясы сақталып, заңда белгіленген тәртіп талаптары орындалды. Байқау нәтижесінде Алматыдағы топ Құрылтай сайлауы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық сайлау талаптарына сай өтті деген тұжырымға келді.

Халықаралық байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының алаңында учаскелердегі дауыс беру процесіне, комиссия мүшелерінің даярлығына, сондай-ақ сайлаушылар үшін жасалған жағдайды жақсы бағалады. Түркия, Грузия, Тәжікстан, Армения, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан, Мальдив және Үндістан елдерінің байқаушылары қазақстандықтардың азаматтық белсенділігін де атап өтті. Олар дауыс беруге келген азаматтардың көтеріңкі көңіл күйіне назар аударған.

Сердар Мутта, Түркия Республикасы жоғары сайлау кеңесінің төрағасы:

-Астананың кешегі жаңбырлы ауа райына қарамастан, азаматтардың өз учаскелерінде саяси белсенділік танытқандарына куә болдық. Олардың сайлауға қатысу деңгейі 70 пайыздан асты. Бұл жақсы көрсеткіш.

Бахтиёр Худоёрзада, Тәжікстан Республикасы орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы:

- Сайлау учаскелерінде ешқандай бұзушылық тіркелмеді. Әр сайлаушы көтеріңкі көңіл күйде келіп, өз таңдауын жасады.