Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасын қабылдады

Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасын қабылдады
  • 4
  • 09.09.2026, 15:15

Мемлекет басшысы қаржы нарығын реттеу мен дамытудың биылғы 8 айдағы нәтижелері және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есепті тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа банктер туралы жаңа заңды іске асыру аясында заңға тәуелді актілер базасы толығымен жаңарғаны, 80 нормативтік-құқықтық акті қабылданғаны жөнінде баяндалды. Банктердің активтері 75,6 триллион теңгеге дейін (6,9 пайызға) ұлғайған, капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрайды.

Агенттік қадағалау қызметі шеңберінде 8 айда қаржы секторы субъектілеріне 279 инспекторлық тексеру жүргізген. 190 қадағалау шарасы қолданылып, 465 миллион теңге сомасында айыппұл салынған. Микроқаржыландыру және коллекторлық агенттіктер нарығында жұмыс істейтін 13 субъекті лицензиясынан айырылды, ал алтауының лицензиясы уақытша тоқтатылып, 4 коллекторлық агенттік тізілімнен шығарылды.

Президентке халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және экономиканы қаржыландыруды кеңейту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Бизнеске арналған кредиттер 3,5 пайызға ұлғайып, 16 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлікке жаңадан берілген кредит көлемі жыл басынан бері 19,1 пайызға өсіп, 12,5 триллион теңгені құрады. Реттеу шараларының нәтижесінде 7 ай ішінде тұтынушылық несиенің өсімі 4,6 пайызға дейін баяулады. Биыл шілде айынан бастап мерзімі кешіктірілген берешекті ұжымдық реттеудің Finkelisim.kz платформасы іске қосылды. Жыл соңына дейін азаматтардың арыз-шағымдарын қарау үшін Бірыңғай қаржы омбудсмені кеңсесі жұмыс істей бастайды.

Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысына Капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын, сондай-ақ «Капитал нарығы туралы» және «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы жайында есеп берді.

Бұдан бөлек, қаржы секторын цифрландыру және оған жасанды интеллектіні енгізу туралы ақпарат ұсынылды. Агенттік жасанды интеллект технологиясына негізделген FinAI бірыңғай қадағалау платформасын құрған. Жыл соңына дейін Қаржы нарығына жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы әзірленеді. Құжатта ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың бірыңғай тәсілдері қарастырылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаржы саласында жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану, экономиканың нақты секторларын кредиттеуді арттыру, сондай-ақ капитал мен сақтандыру нарығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.