Құрылтай депутаттары бүгін Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы міндеттемелеріне өзгеріс енгізу туралы заң жобасын қарады. Құжат халықаралық сауда ережелеріне сәйкес жұмыс істеуді көздейді. Оның ішінде шетелдік нарықтарға шығу, қызмет көрсету саласына инвестиция тарту және отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері бар. Бұл құжатты қысқаша Марракеш келісімі деп те атайды.
Марракеш келісімі 1994 жылы қабылданды. Соның негізінде Дүниежүзілік сауда ұйымы құрылды. Қазақстан оған 2015 жылы мүше болды. Бүгін қаралған заң жобасы сол міндеттемелерді орындауды жалғастыру болып отыр. Құжат қызмет көрсету экспортын арттыруға жаңа мүмкіндік береді. Бұған дейін негізгі бағыттар қаржы, сақтандыру және туризм болса, енді бұл қатарға IT, электрондық коммерция және білім беру қосылды. Былтыр Қазақстанның қызметтер экспорты шамамен 13 млрд АҚШ долларын құраған.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қағидаларға қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілер үшін сыртқы нарықтарда қосымша мүмкіндіктер жасайтындығы маңызды, бұл көрсетілетін қызметтермен өзара сауда жасау үшін тең жағдайлар жасалуына ықпал етеді. Цифрлық экономиканың, электрондық коммерцияның, қаржылық, көлік, IT және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жиында депутаттар азаматтарды толғандырған мәселелерді де көтерді. Мейраш Шынасилова жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру кезегінің ұзақтығына назар аударды. Айтуынша, кей азаматтар сынақ тапсыру үшін 6 айға дейін күтеді.
Мейраш Шынасилова, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс уақытын азаматтарға ыңғайлы болу үшін сағат 20:00-ге дейін ұзарту және емтихан қабылдаушылардың ауысымдық жұмысын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Екіншіден, ең өзекті мәселе – практикалық емтиханға кезек. 2 млн-ға жуық Астана қаласында бір ғана автодромның болуы мәселенің ауқымын көрсетіп отыр.
Депутат Нұргүл Тау студенттерді жатақханамен қамту мәселесін көтерді. Ол бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды. Жүйе арқылы студенттер өтініш беріп, бос орындарды көріп, жатақхананы онлайн брондай алуы тиіс.
Нұргүл Тау, ҚР Құрылтайының депутаты
- 2026 жылы жатақхана тапшылығы 7,5 мың орынға дейін қысқарды. Мәселенің ендігі кезеңі тек жаңа ғимарат салумен шектелмеуге тиіс. Енді студенттің жатақханаға қалай қол жеткізетіні, кезектің қаншалықты ашық жүргізілетіні және әр орын туралы ақпараттың қаншалықты қолжетімді екені маңызды, ұсынылып отырған платформада жатақхана орындарын бөлудің ашық алгоритмі енгізілуі керек.
Депутаттар бұдан бөлек жастарды жұмыспен қамту, құрылыс сапасын бақылау, инфрақұрылым және құс шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша да депутаттық сауалдар жолдады.
Авторы:Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин