Қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін бірқатар елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Олардың қатарында Еуропа, Азия және Африка елдерінен келген сегіз елші мен Мысыр, Оманның, Швейцария, Эстония, Мажарстан мен Данияның, сондай-ақ Гвинея-Бисау мен Нигерияның дипломатиялық өкілдері бар.
Бұл сегіз елдің сенімін арқалап келген дипмиссия жетекшілері. Әрісі Африкадан, берісі араб елдері мен Еуропадан. Дипломатияда шекара жоқ. Оның үстіне, қазіргідей құбылмалы әлемде әркіммен әңгіме жарастырмақ керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін шын мәнінде, елдеріңіздің өкілі ретінде Сіздер үшін де, Қазақстан Республикасы үшін де өте маңызды күн. Осы орайда барлығымыз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет екеніне сенімдімін. Өйткені Қазақстан бейбітсүйгіш ел саналады. Біз теңгерімді және сындарлы сыртқы саясат ұстанамыз. Ел ішінде реформа жүргізуге қолайлы жағдай жасауға ұмтыламыз. Сыртқы істер министрлігінің, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президент резиденциясының Сіздер үшін әрдайым есігі ашық. Өйткені қазіргі тұрақсыз әрі құбылмалы әлемде бірге болуға тиіспіз.
Бүгін Тәуелсіздік сарайына сенім грамотасын тапсыруға келген дипломаттың бірі – Салах Джабуб. Омар Сұлтандығының Қазақстандағы елшісі.
Қазақстан Оман мемлекетін араб әлеміндегі сенімді серіктесі санайды. Бақуатты мемлекеттердің бірі. Биыл сәуірде Қазақстан мен Оман инвестициялық серіктестік туралы келісімге келген.
Оман сұлтандығының қазақстан республикасындағы елшісі:
- Сіздермен бірге болғаныма өте қуаныштымын. Жақын арада қазақ тілін үйренуге кірісемін. Астана сияқты әсем қалада, көрікті Қазақстанда және қонақжай, дархан халқыңыздың арасында жүргеніме қуаныштымын. Мұндағы адамдар өте мейірімді. Қазақстан мәдениетіне деген құрметім ерекше. Екі елді байланыстыратын, біріктіретін дүниелер өте көп.
Эстония Республикасының елшісі Марье Лууп бүгін ұлттық киіммен келді. Айтуынша, Қазақстан мен Эстония арасындағы серіктестіктің көкжиегі кең. Әсіресе елдер цифрландыру саласындағы байланысты бекемдей түспек.
Марье Лууп, Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі:
- Эстония мен Қазақстан арасында қазірдің өзінде жақсы қарым-қатынас қалыптасқан. Дегенмен оны одан әрі дамытуға әрдайым мүмкіндік бар. Әсіресе экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп санаймын. Қазірдің өзінде бірнеше эстондық компания қазақстандық кәсіпорындармен әріптестік орнатуға қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ электронды мемлекеттік басқару саласында да бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол.
Президент еліміздің сыртқы саясатта бейбіт бағыт ұстанатынын жеткізіп, елшілердің ісіне сәттілік тіледі. Олар саясатта серік, дипломатияда дос, сауда-саттықта өзара пайда принциптері бойынша жұмысты жандандыруға кіріспек. Себебі елдестірмек елшіден, деген.
Авторы: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков