Қ. Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды

  • 4
  • 29.09.2026, 18:33

Немістің «Handelsblatt» іскерлік басылымына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Онда Қазақстан Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіретіні жазылған. Сондай-ақ өз мақаласында Мемлекет басшысы Берлинге қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын өндіріс тізбегін бірге қалыптастыруды ұсынады.

Германияның «Handelsblatt» іскерлік басылымында жарық көрген мақаласында Президент қазақ-неміс қарым-қатынасын нақты сипаттайды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің берік іргесін қалап, арқауы мықты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алғанын жазды. Халықтар арасында тығыз байланыс та, алыс-беріс те бар. Тек өткен жылы өзара сауда-саттық көлемі 9 миллиард долларға жуықтаған. Елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам кәсіпорын тіркелген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы ретте Қазақстан экспортын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға айтарлықтай әлеует барын айтқым келеді. Біз Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе аламыз. Металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасау салаларында мол мүмкіндік бар. Осы орайда аса маңызды минералдар саласында да күш-жігер біріктіру өте өзекті көрінеді.

Мемлекет басшысы Германияға бұл жолғы сапарын ең алдымен, стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басатын, жаңа өсім бағыттарын айқындайтын және бірлескен жұмысқа тың серпін беретін мүмкіндік ретінде қарастыратынын жазды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс секілді элементтер бар. Аталған материалдар энергетикалық ауысымға, машина жасау, өнеркәсіп өндірісі, микроэлектроника, цифрлық технология салаларына ауадай қажет. Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта кәдеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз. 

Байланыстың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Қазақстан ЕуроОдаққа импортталатын мұнайдың шамамен 13 пайызын, табиғи уранның 20 пайызын қамтамасыз етеді. Былтыр Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асқан. Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Президент неміс компанияларын әуе жүк тасымалын жүзеге асыруға белсенді тарту мен әуе хабтарын дамыту сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары әлеуетті бағытқа айлануға тиіс екенін жазды.

Әнуарбек Мырзатайұлы