Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада басталған AI & Digital Bridge 2026 халықаралық ІТ форумы аясындағы перспективті жобалар көрмесіне барды. Мемлекет басшысына Qazaq AI Research University базасында жасалған AI-Enabled University моделі, Trusted Kazakhstan, ALFA жобалары, Aitu ұлттық мессенджерінің жаңа функционалдық мүмкіндіктері көрсетілді. Бұдан бөлек, көрме қонақтары «Самұрық-Қазына» қоры мен Higgsfield.ai компаниясының интеллектуалдық шешімдерімен және «Деректерді өңдеу орталығы алқабын» дамыту жоспарымен танысты. Ұсынылған әзірлемелер жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқарудың түрлі саласына енгізуді, отандық цифрлық инфрақұрылымды қолдауды және Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуды көздейді. Халықаралық форум үш күнге жалғасады. Форум аясында Astana hub баттл стартаптар байқауы ұйымдастырылып, жеті аталым бойынша AI & Digital Bridge жүлдесі сарапқа салынады. IT өнімдердің көрмесі мен стартаптар аллеясы да ұйымдастырылады.