Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапарымен барып, «Аваза» кешенінде өткен Орталық Азия елдері мен Әзербайжан басшыларының сегізінші Консультативтік кездесуіне қатысты. Президент өңір елдерінің өзара саудасын арттырудан бастап, көлік-логистика, су ресурстары және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа дейін бірқатар нақты бастама ұсынды. Алқалы жиында Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Сағыныш Әбікей, тілші:
- Сегізінші қазан, сегізінші Консультативтік кездесу. Президент Тоқаевтың Түркіменстанға сапары тығыз, бірден 3 халықаралық жиынға қатысады. Соның бірі – Аваза жағалауында өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының кездесуі. Күн тәртібінде – бес сұрақ. Аймақтық қауіпсіздік, саяси һәм саудадағы серіктестік, энергетика, көлік логистикасы. Әмудария мен Сырдарияның су ресурсы, Арал тағдыры да талқыланды.
Аваза төріндегі басқосу биыл ерекше мәнге ие. Себебі бұл – Әзербайжанның Консультативтік кездесуге толыққанды қатысушы ретінде алғаш рет қатысуы. Оның үстіне, биыл Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтіп жатыр. Бесеудің бөтендігі жоқ еді, ендігі алтаудың да ауылы аралас, қойы қоралас. Барыс-келісте кедергі жоқ, алайда алыс-беріс барысы Президент Тоқаевтың көңілінен шықпайды. Ендігі меже – елдері арасындағы өзара сауда көлемін кемінде 20 миллиард долларға жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сауда кедергілері бірте-бірте жойылып, шекараларда жаңа өткізу бекеттері ашылып жатыр. Автокөлік және теміржол байланысы кеңейіп келеді. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, ішкі нарық әлеуеті әлі де зор. Былтыр өңір ішіндегі сауда көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрады. Бұл елдеріміздің жалпы тауар айналымының 8 пайызына жуық. Сондықтан үкіметтерімізге өзара сауда үлесін арттырып, осы көрсеткішті кемінде 20 миллиард долларға жеткізу үшін бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу және қабылдау жөнінде міндет жүктеген дұрыс.
Қазақстан тұтас аймақтың транзиттік рөлін күшейтуге күш салып келеді. Оған құрлықтағы, шойын жолдағы, Каспийдегі кешенді әрі ауқымды құрылыстар айғақ. Бүгін Қазақстан президенті Орта дәлізді TRIPP көлік бастамасымен ұштастыру мәселесін сарапшылар деңгейінде талқылауды ұсынды.
Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:
- Біз үшін Оңтүстік Азияға, одан әрі Таяу Шығысқа шығатын ең қысқа, ең тұрақты жолдардың бірі бұл Каспий теңізі арқылы, мысалы, бізде Ақтау құрлық порттары бар. Осы порттар арқылы Баку деді порттар Баку арқылы яғни Әзірбайжан арқылы ары қарай Оңтүстік Азия мен Таяу Шығысқа шығуға мүмкіндік. Міне, осы мүмкіндік негізгі басты себептер ретінде айтуға болады. Яғни біздің транспорттік көліктік әлеуетімізді арттыру үшін осы тек қана Қазақстанның емес, жалпы Орталық Азия аймағының, Әзірбайжан мемлекетінің қатысуы өте маңызды.
Қазақстан президенті бүгін Орталық Азияның тұрақтылығына қауіп төндіретін бір қатерді атады. Ол –су. Аймақта арагідік судан шу шығып тұрады, сол ушығып кетпеуі керек.
- Алдымызда трансшекаралық су ресурстарын басқарудың тың тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Бұл жұмыста өзара құрмет, теңқұқылық қағидаттары негізге алынып, аймақтағы барлық елдің мүддесі ескерілуі керек. Орталық Азияның су пайдалану бойынша негіздемелік конвенциясын қабылдау ынтымақтастықтың жаңа өңірлік архитектурасын қалыптастыратын алғашқы қадам болар еді.
Орталық Азия елдері заман көшінен қалмай, жасанды интеллектінің игілігін көре алуы керек. Қазақстан аймақ елдеріне жасанды интеллект бойынша Орталық Азия серіктестігін құруды және оны жауапты пайдалану туралы декларация әзірлеуді ұсынады. Дегенмен, басты назар – аймақ қауіпсіздігінде.
- Терроризм, есірткі бизнесі, қару-жарақ және адам саудасы, заңсыз көші-қон, ұйымдасқан қылмыс пен алаяқтық қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіреді. Цифрлық технологиялардың қаскөйлердің, атап айтқанда, лаңкестер мен есірткі сататын қылмыстық топтардың қолына түсу қаупі қатты алаңдатады. Әрине, оған қарсы тұратын тәсілдеріміз заманға сай болуы керек.
Бұл – мұндай форматтағы сегізінші кездесу. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы ынтымақтастық форматын таптаурын қалыптан сақтап қалуды ұсынды. Қазақстан президентінен тағы бір ескерту – жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі нәтижесімен өлшенуі керек. Әйтпесе, соңғы сегіз жылда 200-ден астам бастама көтерілген, ал нақты іске асқаны аз. Авазада бүгін де аз ұсыныс айтылған жоқ, іске асарын не қағаз жүзінде қаларын уақыт көрсетер...
Авторлар: Сағыныш Әбікей, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков.