Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босату туралы шешім арнайы қызметті реформалау және жаңа міндеттерді тиімді орындау үшін басшылық құрамды жаңарту қажеттігімен түсіндірді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram арнасында мәлімдеді.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларына қатысты жемқорлық ісі бойынша жүргізілген тергеу кезінде күштік құрылым қызметкерлері тарапынан жіберілген кемшіліктерді атап өтті. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Президент бүгін Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен де кеңес өткізді. Жиында қызметтік тәртіпті күшейтуді, кәсіби даярлықты арттыруды және «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстануды тапсырды.