Мәжілісте әкімдердің жауапкершілігін арттыратын заң жобасы қабылданады
Құжатты таныстырған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, әр аймақ өзінің ерекшеліктеріне сай бюджеттік жоспар құруға мүмкіндік алады. Ал қаржы игерілмесе, оған алдымен әкімнің өзі жауап береді. Олар жыл сайын Парламентте республикалық қазынадан бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны жайында баяндайды. Сондай-ақ ведомство басшысы 2024 жылға дейін бірыңғай шоттар жоспары енгізілетінін жеткізді. Соның арқасында бухгалтерлік және бюджеттік есеп ортақ жүйеге біріктіріледі. Егер заң жобасы қабылданса, бюджеттік шығындарды қайтару процесі әлдеқайда жеңілдемек.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин құжаттың маңыздылығын айтып, заңда қарызын уақытында қайтармайтын жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін нақты көрсету қажет екеніне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ Мәжілісте еліміздегі жолдарды жөндеуге арналған материалдардың сапасы да сөз болды. Депутаттардың айтуынша, республикамыздағы жолдар әлі күнге дейін өткен ғасырдың технологиясымен салынып келеді. Бұл бүгінгі заман талабына сай келмейтіндіктен, елімізде жолдың жыры жиі көтеріледі. Сондықтан құрылысшыларды таңдағанда бағаның төмендігін емес, компанияның тәжірибесін ескерген жөн. Салынған немесе жөнделген жолдың сапасына кепілдік берілуі тиіс. Қазір еліміздегі жолдардың 60%, яғни 70 мың шақырымы ғана асфальтталған. Осыған байланысты депутаттар орындаушыларға қойылатын талаптарды өзгерту керек деп есептейді.
Шәміл Осин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ел аумағын, халық тығыздығының төмендігі мен өнеркәсіп орталықтарының бытыраңқылығын ескере отырып, көлік магистральдарын салу Қазақстан үшін маңызды болып тұр. Алайда қалалар мен ауылдарда тұрып, жыл сайын жол сапасының нашарлығына тап болатын қарапайым азаматтар туралы ұмытпау керек. Автомобиль жолдардың 60% асвальт төселген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырғаны белгілі. Сол себепті жолдардың сапасын қатаң бақылауға алу керек.