Хабар телеарнасы

Кахраманмараш қаласына қазақтың киіз үйлері жеткізілді

Олар шаһардағы ұлттық саябақта тігіледі. Бұл — апаттан ең қатты зардап шеккен қалалардың бірі. 

Апаттан зардап шеккен 10 өңірде 50 мыңнан астам ғимарат жойылып, қайта салынуы қажет. 10 мыңнан астамы зілзаланың эпицентрі Кахраманмарашта орналасқан. Бір миллионнан аса тұрғыны бар облыс орталығы апаттан ең қатты зардап шеккен қалалардың бірі. Қала тұрғындарының басым бөлігі өзге шаһарларға кеткен.

Сүлейман Сойлу, ТР Ішкі істер министрі:
-Кахраманмарашта қазір 215 ғимарата іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Шалғай ауылдарға да азық-түлік жеткізілуде. Президенттің тапсырмасымен 335 мың 956 отбасының есепшотына 10 мың лира жіберілді. Қазір аймақта 1833 үкіметтік емес ұйым және 59 мың 814 адам жұмыс істеп жатыр.

Серкан Алыжы, тұрғын:
-Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосқымыз келеді. Көше бойында дүкен, наубайханалар бар. Қол қусырып отырғымыз да келмейді. Пайдамыз тисін дейміз.

Дәл осы жерге Қазақстаннан 114 киіз үй жеткізілді. Ағаш және темірден жасалған үйлер Кахраманмараштағы ұлттық саябақтардың біріне орнатылып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қыста — жылы, жазда — салқын болатын үйлер болашақта да осы жерде этноауыл ретінде сақталмақ. Ауылды құруға елімізден 15 адам арнайы келсе, Түркияның жан-жағынан 40-тан астам еріктілер құруға келген.

Этноауыл құрылысы екі күнде бітеді деп жоспарланған. Онда ладан зардап шеккен халық орналастырылмақ. Ұйымдастырушылар бауырлас халықты киіз үйлерге ас беріп, арнайы қарсы алмақ.

Авторлары: Меруерт Ж. , Меруерт Қанағат