Үкімет Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартады
Үкімет келер жылы ұлттық қордан 1,6 трлн теңге трансферт тартады. Сенат осындай заң жобасын мақұлдады. Ал 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды. Палата депутаттары кей бағыттарды қаржыландыруды көбейту керек деп, құжатқа 180 түзету енгізді. Атап айтсақ, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға қосымша 18,1 млрд теңге бөлу ұсынылды. Таза ауыз су проблемасын шешу үшін 20 млрдқа жуық теңге бөлу керектігі айтылды. Газдың жайы да назардан тыс қалған жоқ. Сенаторлар «бұған қосымша 5,1 млрд теңге керек»,— деді. Ал көлік инфрақұрылымын дамытуға тағы 13,3 млрд теңге қосу ұсынылды. Сондай-ақ депутаттардың енгізген түзетуінің ішінде 55 жастан бастап зейнетке шыққан зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге, әлеуметтік төлемдер де белгіленген. Оған 25,9 млрд теңге бөлінеді. Ал бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіруге 5 млрдқа жуық теңге бөлу ұсынылды. Алдағы уақытта Мәжіліс, жаңа редакциядағы құжатты қайта қарайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Өңірлерді дамытуға 7 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін келесі жылы 100 миллиард теңге бөлінеді. Осындай мақсат-міндеттерді іске асыру экономиканың өсуін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Сондай-ақ, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге алынады. Әлихан Смайылов: «Үкімет қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді»,— деп сендірді. Қазір индустрияландыру, көлік, инфрақұрылым салаларында қаржыландыруды талап ететін ірі жобалар қолға алынған. Зейнетақы қорынан алынған қаржы соған бағытталмақ. Премьер-министрдің сөзінше, салымшылардың активтерін кіріс әкелетін бағыттарға салу арқылы ғана көбейтуге болады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
-Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін әртүрлі қаржы көздерін, соның ішінде зейнетақы қорының қаражатын да қарастырып отырмыз. Біз Ұлттық банкпен бірлесіп, қаражат тарту шарттары бойынша мәселелерді пысықтаймыз. Үкіметтің борыштық міндеттемелерін орындау аясында қаржы қайтарылатын болады.