Сенатор: Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды
Өңірлік және шекаралық аумақтарда отандық телеарналардың көрсетілуін қамтамасыз ету. Сенатор Бибігүл Жексенбай Үкіметке осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады. Қазір елімізде 21 республикалық деңгейде хабар тарататын телерадиокомпания бар. Ал бізде көрсетілетін шетелдік телеарна саны 300-ге жуық. Әсіресе шекара маңындағы тұрғындар үшін олар негізгі ақпарат көзіне айналған. Себебі өзіміздің арналар ол маңда дұрыс ұстамайды, ал кей ауылдарда мүлдем көрсетпейді. Бұл олқылықтарды 2015 жылға дейін жою көзделген екен. Бірақ цифрлық форматқа көшу жоспары әлі толық орындалмай отыр.
Бибігүл Жексенбай, ҚР парламенті сенатының депутаты:
- Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізіліп, сол жерде тұратын халықтың шынайы өмір сүру деңгейі көрініс табуы тиіс. «Сұр» тарелкалар арқылы көрші елдің идеологиясы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйттерге әкеліп жатқанын көріп отырмыз.