Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы 4 мыңға жуық маңызды құжатқа қол қойды
Әділетті Қазақстанды құру жолы. Бұл тұрғыда биыл атқарылған ілкімді істер аз болмады. Мемлекет басшысы 2024 жылы 4 мыңға жуық маңызды құжатқа қол қойған.
Олардың 95-і заң, 319-ы жарлық болса, 81-і бұйрық. Сондай-ақ 28 отырыс хаттамасы және 3,5 мыңға жуық қызметтік құжат бар.
Биыл ел ішіндегі 41 жиынға қатысыпты. Оған қоса мемлекеттік мекемелер мен түрлі компания басшылары және қоғам белсенділерімен 137 кездесу өткізген.
Президент ел үшін маңызды деген оқиғалар ортасынан табыла білді. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Нақтырақ айтсақ 11 өңірді аралаған. 60-тан астам өндірістік, әлеуметтік-мәденин нысандарда болып, еңбек ұжымдарына барып, халықпен кездесті. Айтулы жаңалықтың бірі - Алатау қаласын құру туралы шешім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлыққа қол қойған. Осылайша Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылды. Келешекте Алматы мен Қонаевтың ортасында бой көтеретін Alatau City шаһарының іргесі қаланды.