Хабар телеарнасы

Түркістанда самбодан Қазақстан біріншілігі басталды. Спорт жаңалықтары

Түркістанда самбодан жасөспірімдер арасында Қазақстан біріншілігі басталды. Бұл сынға еліміздің барлық аймағынан 500-ге жуық үміткер келіпті. Енді олар үш күн бойы Түркістан төрінде төселген боз кілемде 9 салмақ дәрежелесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдерін анықтайды. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы: «Ел чемпионатына қатысушылар арасында небір таланттар бар. Біздің мақсат солардың шеберлігін шыңдап, үлкен топқа қосу. Осы жарыста оза шапқандар келешекте ел намысын абыроймен қорғайды деп сенемін», – деді.

Алғашқы жарыс күні үш салмақта ел чемпиондары анықталды. Қызылордалық қыздар қарсылас шыдатпады. Атап айтсақ, Сәния Аманжолова мен Аружан Алмағанбетова 44 және 54 келіде топ жарса, 72 келіде Жібек Жайсанбай жеңіске жетті. Ал ұлдар арасында оралдық Мади Ғарифулин 49 келі салмақта жеңіс тұғырынан көрінсе, 64 келіде маңғыстаулық Сержан Жиенғазиевтың асығы алшысынан түсті.

88 келі салмақта оралдық Архат Өтеген өзіне тең келер қарсылас таппады. Ел чемпиондары сәуір айында өтетін Азия біріншілігінде сондай-ақ қазан айында болатын әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Талдықорғанда волейболшылар жарысы енді қызды 

Талдықорғанда волейболдан қыздар командалары арасындағы ұлттық лига ойындарының төртінші тур ойындары өтіп жатыр. Көш соңындағы Грация күтпеген жерден Алматыдан айласын асырды. Жайық жағасынан келген бойжеткендер плей-офф кезеңіне шығуды көздейді. Бірақ басты қарсыластары Ару-Астана қуып жеткізер емес. Елордалықтар 3:0 есебімен Ертістен басым түсті. Шығыстың Берелін өкшелеп келе жатқан Солтүстік Қазақстанның «Қуанышы» Ақтөбенің апшысын қуырды. Есеп 3:0. Топ басындағы Жетісу мен Қарағанды дәл осы сағаттарда ойнап жатыр. Төртінші тур ойындары 11 ақпан күні мәреге жетеді.