Хабар телеарнасы

Бекзат Саттархановтың туғанына 45 жыл толуына орай турнир басталды

Түркістанда бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың туғанына 45 жыл толуына орай 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды. Жарыстың ашылу салтанатында даңқты боксшының анасы Сырлыгүл Шойбекова, Бекзат Саттархыновтың алғашқы бапкері Нұрлан Жұмабаев және қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысты. Турнир жақында ғана пайдалануға берілген «Бекзат Саттарханов» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Ашық турнир болғандықтан жарысқа Өзбекстан мен Қырғызстаннан және еліміздің барлық аймағынан 200-ден аса үміткер келіпті. Бекзат Саттарханов көзі тірі болғанда биыл 45 жасқа толар еді. Әлемдік бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған батыр ұлды халық жадында мәңгі сақтау үшін жыл сайын сәуір айында дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Енді міне ине жіптен жаңа шыққан спорт кешенінде Бекзат батырдың ізбасарлары бас қосып отыр. Жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир 13 ақпанға дейін жалғасады.

Аңсар Үсенхан, жарысқа қатысушы:

-Бүгінгі турнирге біз өте жақсы дайындалдық. Алдымен ағайларыма рақмет. Қарсыласым Ақтөбе облысының тумасы, ол да өте жақсы бала. Жақсы дайындалған. Бұл жекпе-жектегі тактикам тек қана ағайды тыңдау болды. Кез келген боксшы ағайын тыңдау арқылы жеңіске жетеді. Осы турнирдің жеңімпазы атанып, болашақта Б. Саттарханов ағамыз сияқты Олимпиада чемпионы болуды қалаймын.

Сырлыгүл Шойбекова, Б. Саттархановтың анасы:

-Бұл ешқандай да кезекті турнир емес, кезектен тыс турнир. Бекзатқа арналған кешен жаңадан бітіп жатыр, соны алғаш рет Бекзатқа арнап, турнир өткізіп жатыр. Мен осыны ұйымдастырғандарға алғысымды айтамын. Келіп жатқан қонақтарға, жас балаларымызға жеңіс тілеймін барлығына! Ақ жол, сәттілік болсын!

Алматыда ABADAN CUP 2025 аймақтық ашық түрнирі өтті

Алматы қаласын кёкушинкай каратэден балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстандық каратэ World Kyokushin спорттық федерациясының ұйымдастыруымен ABADAN CUP 2025 аймақтық ашық түрнирі өтті. Жарысқа еліміздің бес өңірінен үміткерлер қатысты. Атап айтсақ, Алматы мен Астана қаласынан және Ақмола мен Жетісу, сондай-ақ Алматы облыстарынан 400-ге жуық спортшы келіп, бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен өзіндік ұрыс өнерімен мамандар тарапынан мақтау естіген мықтылардың есімін атай кетсек, Ката мен кумитэтеде 10 жасар Амангелді Қайсарға тең келер ешкім болмады. Қыздар арасында 17 жасқа дейінгі өрендер сайысында Айя Жандосқызы алтыннан алқа тақты. Ал Оралбеков Нұрислам 55 келі салмақта жеңімпаз атанса, Расулд Шабановтың да шеберлігіне ешкім шек келтірген жоқ. «Бұл турнирдің негізгі мақсаты өсіп келе жатқан жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттап, осы бір спорт түрінің дамуына ықпал ету»,– дейді мамандар.

Талдықорғанда волейболдан ұлттық лиганың IV тур ойындары аяқталды 

Талдықорғанда волейболдан қыздар командалары арасындағы ұлттық лиганың төртінші тур ойындары аяқталды. Осылайша плей-офф кезеңіне жолдама алған сегіз команда белгілі болды. Ал жайық жағасынан келген «Грация» мен Керекудің «Ертісі» жарыс жолынан шығып қалды. Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын Жетісу өз алаңында қарсыластарына бет қаратқан жоқ. Осы қарқынын жоғалтып алмаса биыл Талдықорғандықтарды ешкім тоқтата алмауы мүмкін. Шығыстың «Берелі» мен Солтүстік Қазақстанның «Қуанышы» турнир кестесінде үзеңгі қағыстырып келеді. Бірақ «Берел» бүгін Қарағандылықтарға есе жіберіп қойды. Ал «Қуаныш» Алматының осал тұсын тапты.